ЖАЛҒАН | Су тасқыны кезінде көз жұмған азаматтар қауіпсіздік ережелерін бұзған

2017 жылдың көктемінде Қазақстандағы 14 облыстың жетеуінде су тасыды. Ресми билік өкілдері мен шенеуніктер жасаған жұмыстарын, іске қосылған техника мен адам санын айтып, есеп бергенмен, қызыл судан көз жұмғандар туралы айта бермейді. Айтса да, «олар қауіпсіздік ережелерін бұзған» деумен шектеледі. Алайда, бұл пікір – қисынсыз.
Үкім: Жалған 
Құтқарушылар арнайы жол жүруге болмайды деген белгілердің болмағанын мойындап отыр. Олай болса, қайтыс болған азаматтар қауіпсіздік ережелерін бұзды деп айтуға болмайды.

Сәуір айының басында бір ғана Қарағанды облысында 5 адам суға кетті. Алайда, ресми билік өкілдері әзірге бұл азаматтарды су тасқынының құрбандары қатарына жатқызбай отыр. Олардың айтуынша, суға батқан азаматтар қауіпсіздік ережесін бұзған.

адам шығыны бар. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында 31 наурыз күні арнасынан асқан өзеннен өтуге тырысқан УАЗ автокөлігі 11 жолаушысымен жыраға түсіп кеткен. 11 адам аман қалған, 3 адам суға батып кеткен, олардың денелері табылды. Осы ауданның екі азаматы 2 сәуір күні қауіпсіздік ережелерін елемей, атпен өзеннен өтпекші болып, суға батып кеткен.

– деді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы тасқын Болат Әбілдинов пен оның 23 жастағы жалғыз ұлы Жанболатты жұтып әкетті. Болат Әбілдинов жергілікті әкімшілікте көлік жүргізушісі болып жұмыс істеген, тәжірибелі маман болған. Марқұмның туысқандары оны ажалға жергілікті билік итерді дегенді айтып отыр.

Менің ағам баласымен шығады. Әкім немесе комиссия неге бірге шықпаған? Мәселе осында болып тұр ғой. Судың деңгейін көріп отыр, неге менің ағамды жібереді? Неге трактор жібермеген?

– дейді марқұмның бауыры Серік Қаппаров. Серік Қаппаровтың айтуынша, әкім оның ағасын көрші ауылдан адамдарды әкелуге жіберген, адамдарды алып қайтып келе жатқанда УАЗ автокөлігіне мұз сеңі тиіп, көлікті аударып жіберген. Болат Әбілдинов көліктегі 13 жасар баланы құтқарамын деп суға кеткен, оның артынша әкесіне көмектеспек болған баласы кеткен. Енді бұл мәселені Серік Қаппаров сотта көтеруді көздеп отыр. Мұны естіген жергілікті билік өкілдері мен құтқарушылар жедел түрде брифинг өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарына түсініктеме бере бастады. Әңгіме барысында құтқарушылар марқұмдардың өздерін кінәлады. «Әрине, бұл өзеннің арнасынан асқаны болып тұр ғой. Бұл жерден өтуге болмайды. Себебі су жіберетін құбыр түбінде тереңдігі 1,5 метр шұңқыр пайда болған, ұзындығы 10 метрге жетеді. Шұңқыр келесі күні пайда болған. Сол себептен бұл тек қауіпсіздікті бұзу болып тұр», – деді Қарағанды облысының ТЖД басшысының орынбасары Мұрат Қатпанов. Көктем суының құрбаны болған Қарағанды облысының тағы екі азаматы Қарқаралы ауданының Нұркен ауылының тұрғындары. 45 жасар Сайран Сәбитов 37 жасар інісі Дарханды құтқаруға келіп, інісімен бірге суға кеткен. Ағайынды Сәбитовтер атпен өзеннен өтпек болған.

ЖАЛҒАН | Су тасқыны кезінде көз жұмған азаматтар қауіпсіздік ережелерін бұзған
Сәбитовтар отбасының суреті

Сайран және Дархан Сәбитовтар

Таңертең Дархан Сұңғат Көпбалинмен бірге аттарын іздеп кетеді. Қайтарда су деңгейі көтерілгенін көріп, ағасы Сайранды, ауылдастарын шақырады. Судан өтпек болғанда алдымен суға Сайран кетеді, соңынан оны құтқарамын деп Дархан кетеді. Қайғылы жағдайды көрген өзге азаматтар жүрексінеді. Сөйтіп құтқарушылар келгенін күтеді, нәтижесінде үйлеріне таңғы 4-те жетеді. Болған оқиғаны Сұңғат Көпбалин алғашқы күндері журналистерге айтып берген.

Көп ұзамай жергілікті билік өкілдері пікірлерін жариялай бастаған. Билік өкілдерінің мәлімдемесін ақпараттық-танымдық сайттан көруге болады. Онда шенеуніктер ағайынды азаматтарға учаскелік полиция маманы ескерткенімен, олардың ескертуді елемегенін айтады.

ЖАЛҒАН | Су тасқыны кезінде көз жұмған азаматтар қауіпсіздік ережелерін бұзған
Скриншот http://qasym.kz сайтынан

Осыған байланысты factcheck.kz тілшілері Сұңғат Көпбалинға хабарласып, пікірін білуге тырысып еді, Сұңғат Көпбалин телефонға жауап бермеді. Есесіне суға батып кеткен ағайынды Сайран мен Дарханның қарындасы Әсел Сәбитова өз пікірін айтты.

Егер нақты ескерткен болса, учаскелік полицей тоқтатқан болса, ол өзі неге айтпайды? Неге учаскелік инспектор емес, әкім айтады?» – дейді Әсел Сәбитова. Құтқарушылар адам шығынын су тасқынымен байланыстырғысы келмейді. Дегенмен, «жүруге болмайды» деген белгінің болмағанын мойындап отыр.

Жергілікті билік өкілдері мен құтқарушылар өткізген брифингке құқық қорғау органының өкілдері де келген. Олар адам өліміне әкелген жағдайды толығымен зерттейміз дегенді айтты. Қостанай облысының басшылары да қызыл су құрбандары туралы айтпады. Сәуірдің 18-і күні облыс басшысы Архимед Мұхамбетов үкімет отырысында былай деген болатын: «3 елдімекенде 22 үйді су басты. Мұндай жағдай 3-4 жыл сайын қайталанып тұрады. Себебі бұл үйлер су алқабында орналасқан. Ішкі істер министрлігіне дер кезінде көмек көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Тасқынды өз күшімізбен игеріп жатырмыз.  Жағдай жіті бақылауға алынған, ертең бәрі реттеледі деп ойлаймын», – деді әкім Архимед Мұхамбетов.

Мұндай мәлімдеме жасаған әкімге наразылық білдірушілер өз пікірлерін әлеуметтік желілерге жариялай бастады. Көп ұзамай мұндай азаматтар интернетсіз қалды. Әкімшілік өкілдері шақырып алып, ескерту жасаған. Бұл жайында Қостанай облысының тұрғыны Андрей Максимов айтты. Бұл жайында ол “Наша газета” тілшілеріне айтқан.

Сонымен қатар, Қостанай облысында шығатын «Наша газета» атты басылым Қарасу ауданының Железнодорожное ауылының тұрғыны Анна Даневскаяның әңгімесін жариялаған. Оның айтуынша, су тасқыны болатыны туралы оларға ешкім айтпаған. Әдеттегідей пасхаға дайындалып жатқанда үйлеріне су келген.

ЖАЛҒАН | Су тасқыны кезінде көз жұмған азаматтар қауіпсіздік ережелерін бұзған
Скриншот http://www.ng.kz сайтынан

«Елдер бір-біріне көмектесіп, көше бастадық. Алғашында ұлыма көшіп бардым, соңынан ол жақтан тағы көштік. Көшіп жүргенде, малды ары-бері тасып жүргенде, 63 жасар көршіміз Виктор Шверст қайтыс болды. Салқындап қалған, оған жүрегі шыдамай қайтыс болған. Оны жерлейтін мазарымызды су алған…» – дейді Анна Даневская. «Наша газета» басылымы су тасқынына арналған мақаласында республикалық «Время» басылымына сілтеме жасап, тағы бір адамның қайтыс болғанын жариялаған.

Factcheck.kz