Анталияда бойы 160-тан аспайтын қыздарға көшеге шығуға тыйым салынды ма?

Желіде қазақ, орыс, ағылшын, румын, босняк, т.б. тілдерде “Түркиядағы Анталия қаласының губернаторы бойы 160 см-ден аласа әйелдер желге ұшып кетпес үшін көшеге шығуға тыйым салды” деген ақпарат тарады.

Factcheck.kz деректің рас-өтірігін тексерді.

Анталияда бойы 160-тан аспайтын қыздарға көшеге шығуға тыйым салынды ма?
Instagram желісінде тараған ақпарат / Дереккөз

Үкім: Фейк

Instagram-да тараған ақпараттың дереккөзі ретінде TRT телеарнасы көрсетілген. Дегенмен, арнаның сайтында Анталия губернаторының мұндай ақпарат таратқаны туралы мәлімет жоқ. Шенеуніктің әлеуметтік желідегі парақшасынан да, Анталия қаласының ресми сайтынaн да мұндай мәлімдеме табылмады. Қала губернаторы Facebook парақшасында 64-74 км/сағ жылдамдықпен соғатын қатты дауылға қатысты ескерту жасаған.

Ал желідегі өзге мақалалардың дереккөзі ретінде “Antalya Hakkinda” сайты көрсетілген. Сайт өз Twitter парақшасында Анталия губернаторының осы “тыйымы” туралы жазған.

Ақпарат қайдан шықты?

Түрік медиасында мұндай дерек алғаш рет 2017 жылдың 18 шілдесінде жарияланған. HaberTurk телеарнасында метеролог Хусейн Өзтел “мына көріністерден байқағанымыздай, жеке көліктер былай тұрсын, бойы 160-тан аласа адамдар далаға шықпасын деген ескерту жасалса тіптен жақсы болар едідеген. HaberTurk арнасына берген келесі сұқбатында Өзтел мұның әзіл екенін хабарлаған. Оның сөзінше, тасқын су кем дегенде 1,5 метрге көтеріліп, көліктер аударылып, су бетіне қалқып шыққан.

Дәл осы ақпаратты “Antalya Hakkinda” 2021 жылы “метеорологиялық ескерту” ретінде жариялаған. Дегенмен, ақпарат дереккөзі Түркия ресми органдары емес, метеролог Хусейн Өзтелдің HaberTurk телеарнасына берген әзіл-сұқбаты.

Контекст

  • 2022 жылдың желтоқсанында Түркияның курорттық провинциясы Анталияда қатты жауған жаңбырдан кейінгі тасқыны салдарынан үйлер, қоғамдық орындар мен жылыжайлар су астында қалды.
  • 2023 жылдың 11 қаңтарында Анталияда қатты дауыл соқты. Құзырлы органдар тұрғындар мен туристерді табиғи апаттан сақтануға шақырды.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz