Черногорияда Дина Смайылованы экстрадициялау ісі бойынша алғашқы сот тыңдауы өтті

5 маусым күні Подгорица қаласында «НеМолчи.kz» қорының жетекшісі Дина Смайылованы Қазақстанға экстрадициялау мәселесі бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Тыңдау Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауымен ұйымдастырылған. Бұл туралы «Азаттық радиосы» жазды.

Смайылованың «Азаттық радиосына» хабарлауынша, Черногория прокуратурасы оны Қазақстанға беруге қарсы екенін білдірген. Адвокаттар елде азаптау фактілерінің барын, қылмыстық процестердің әділетсіз жүруі мүмкін екенін және жемқорлық деңгейінің жоғары екенін алға тартқан.

Енді сот екі апта ішінде бұл іске қатысты шешім қабылдауға тиіс. Сонымен қатар, Дина Смайылова шілдеде өзіне саяси босқын мәртебесін беру туралы шешім шығуы керегін жеткізді.

Контекст

«НеМолчи.kz» қоры зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің құқықтарын қорғаумен айналысады.

Бұған дейін Қазақстан Ішкі істер министрлігі Алматы, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстық полиция департаменттері Дина Таңсәріге қатысты алты қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған.

Министрліктің мәлімдеуінше, бұл «жалған ақпарат таратып, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзуға», «алаяқтыққа» қатысты. Алайда Смайылова бұл істің саяси астары бар деп санайды.

Басты беттегі сурет Дина Смайылованың Facebook парақшасынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz