Қазақстанда бейбіт жиындар кезінде журналистердің қызметіне қатысты жаңа ережелер күшіне енді. Құжатты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бекітті. Бұл туралы «Власть» басылымы хабарлады.
Құжатта бейбіт жиындарға қатысатын журналистің қалай жұмыс істеуі керегі жазылған. Журналисте міндетті түрде баспасөз куәлігі болуы керек және министрлік бекіткен «Pressa» деген жазуы бар жилет киіп немесе таңғыш тағып жүруге тиіс.
Ережеге сәйкес, журналист көлік қозғалысына, инфрақұрылым нысандарына, адамдардың жүріп-тұруына және митиңге қатысушыларға кедергі келтірмеуі керек. Журналистердің кәсіби жұмыс істеуі үшін жергілікті әкімдіктер арнайы жедел баспасөз орталығын дайындауы керек. Сонымен қатар, журналистерге сұхбат пен пікір алуға арнайы өкіл көмектесуі мүмкін. Бірақ бұл көмек тек БАҚ әкімдікке алдын ала сұраныс жіберген жағдайда ғана беріледі.
«Жедел баспасөз орталығы – лентамен қоршалған, фото және видео түсіруге, сұхбат алуға ыңғайлы, электр қуатымен жабдықталған әрі журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарының жедел әрекеті қарастырылған орын», – деп көрсетілген құжатта.
Бұдан бөлек, журналист тек баспасөз орталығында ғана емес, қажет болған жағдайда оның аумағынан тыс жерде де жұмыс істей алатыны жазылған.
Басты беттегі сурет «Власть» басылымынан алынды.