Журналистерді қорғау комитеті USAGM агенттігін қолдауға шақырды

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Дональд Трамптың «Америка дауысы», «Азат Еуропа/Азаттық радиосын» қаржыландыруды тоқтатуын айыптап, Конгрессті USAGM агенттігін қолдауға шақырды.

CPJ Трамп жарлығының салдарынан «Америка дауысының» 1 300-ден астам қызметкері демалысқа жіберілгенін, ал «Азаттық радиосы» қызметтерінің жұмысы тоқтап, миллиондаған азамат тәуелсіз ақпараттан шектелгенін жазды. Ал «Азат Азия радиосының» бас директоры Бэй Фанг бұл жағдайды «диктаторларға берілген сыйлық» деп бағалады.

«Тәуелсіз БАҚ-ты тұншықтыру – цензураға ұшыраған елдерде жаңалық таратқан журналистердің өмірін қауіпке тігу. АҚШ билігінің тарихи маңызы бар осы ұйымдарға қауіп төндіруі – нағыз негатив жағдай. Біз демалысқа жіберілген журналистерге ынтымақтастығымызды білдіреміз және Конгрессті USAGM-ды қолдауға шақырамыз. Әйтпесе орны толмас зиян келуі мүмкін», – деді CPJ бас директоры Джоди Гинсберг.

USAGM – АҚШ Конгресі құрған тәуелсіз агенттік. Ол «Америка дауысы», «Азат Еуропа/Азаттық радиосын» және «Азат Азия радиосын» қаржыландырады. Бұл медиа желілері әлем бойынша шамамен 427 миллион адамға ақпарат жеткізеді. CPJ зерттеулеріне сәйкес, USAGM қызметіндегі журналистер көбіне цензура қатаң елдерде жұмыс істеп, өздерінің кәсіби қызметі үшін жиі қысымға ұшырайды.

Журналист

Factcheck.kz