ЖИ арқылы жасалған өнер және авторлық құқық – АҚШ Авторлық құқық бюросының ұстанымы

АҚШ Авторлық құқық бюросы (Copyright Office USA) жасанды интеллектің (ЖИ) жұмыс нәтижелері өте егжей-тегжейлі мәтіндік нұсқауларға негізделген болса да, қолданыстағы авторлық құқық туралы заңмен қорғалмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы The Verge хабарлады.

Бюро нұсқаулығын ЖИ-ге қатысты саясат мәселелерін қарастыратын кең ауқымды есепте жариялады. Құжатта генератив ЖИ жаңа технология болғанымен, қолданыстағы авторлық құқық қағидаттары АҚШ заңнамасында еш өзгеріссіз қолданылатыны айтылған.

Қазіргі уақытта ЖИ жүйелеріне берілетін мәтіндік нұсқаулар пайдаланушыларға жұмыстың нәтижесін толық бақылауға мүмкіндік бермейді, сондықтан оларды автор деп тануға болмайды. Ал ЖИ жүйелерінің өздері авторлық құқық субъектісі бола алмайды.

Бұл қағида сұраныстың қарапайым немесе күрделі болуына, мәтіннің ұзақтығы мен қайталанған түзетулер санына қарамастан өз күшінде қалады.

«Сұранысты қанша рет өзгертіп, қайта жібергенімен, соңғы нәтиже пайдаланушының ЖИ интерпретациясымен келісімін ғана білдіреді, бірақ оның авторлық үлесін көрсетпейді», – делінген есепте.

Бюро жасанды интеллект жүйелерінің алдын ала болжап болмайтын сипатқа ие екенін дәлелдеу үшін Gemini чат-боты жасаған суретті мысалға келтіреді. Бұл суретте газет оқып, темекі шегіп тұрған мысық бейнеленген, алайда жүйе кейбір нұсқауларды елемей, өз еркімен қосымша элементтерді, соның ішінде «орынсыз адам қолын» енгізген.

Бұл тәсіл америкалық суретші Джексон Поллоктың бояуды шашыратып жағу әдісінен түбегейлі ерекшеленеді. Поллок кенепке бояудың дәл қай жерге түсетінін толық бақыламағанымен, ол түстерді, қабаттар санын, текстура тереңдігін және жалпы композицияны өзі таңдады, сондай-ақ дене қимылдарын саналы түрде қолданып, әр элементті басқарды.

Бюро бұл мәселеде басты назарды нәтижені алдын ала болжау мүмкіндігіне емес, адам тарапынан жасалатын бақылау дәрежесіне аудару керек екенін атап өтеді.

Сонымен қатар, ұйым жасанды интеллект көмегін шығармашылық процеске қосу автоматты түрде авторлық құқықты жоққа шығармайтынын мәлімдейді. Мұнда ЖИ-дің шығармашылыққа жәрдемдесетін құрал ретіндегі және адамның орнына толыққанды креатив авторға айналатын жағдайларын ажырату қажет.

Егер пайдаланушы ЖИ жасаған контентке айтарлықтай шығармашылық өзгерістер енгізсе, мұндай жұмыс авторлық құқықпен қорғалуы мүмкін. Мысалы, егер комикс авторы ЖИ жасаған суреттерді біртұтас құрылымға келтіріп, оларды өзі жазған мәтінмен байланыстырса, онда комикс қорғауға ие бола алады. Бірақ жеке алынған ЖИ жасаған суреттердің авторлық құқығы танылмайды.

Бюро болашақта технологиялар дамыған сайын жағдайдың өзгеруі мүмкін екенін жоққа шығармайды. «Теориялық тұрғыдан алғанда, болашақта ЖИ жүйелері пайдаланушыларға шығармашылық процесс үстіндегі бақылауды барынша күшейтуге мүмкіндік беруі мүмкін, сонда ЖИ-дің үлесі тек механикалық сипатта қалады», – деп жазылған есепте.

Журналист

Factcheck.kz