Әлеуметтік желілерде Жапония билігі 1994 жылдан бастап екі жасқа дейінгі балаларға вакцина салуға тыйым салды, ал содан кейін бала өлімі 96%-ке азайды деген ақпарат тарап жатыр.
Snopes фактчекерлері бұл мәлімдемені тексеріп көрді.
Ақпарат қайдан шықты?
Жапониядағы вакцинация мен бала өлімі туралы жазба X әлеуметтік желісінде жарияланып, мыңдаған лайк пен қаралым жинаған.
Тексеру нәтижесі қандай?
Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Біріншіден, Жапония ешқашан екі жасқа дейінгі балаларды вакциналауды тоқтатпаған. Керісінше, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ОЭСР) деректеріне сүйенсек, бұл елде балаларға егілетін кейбір вакциналар бойынша көрсеткіш әлем бойынша ең жоғары деңгейде. 2021 жылы қызылшаға қарсы вакцинация деңгейі – 95%, ал дифтерия, сіреспе және көкжөтелге қарсы 99% болды. ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, 2011–2023 жылдары пневмококк инфекциясына қарсы екпе алған балалардың үлесі 95–99% аралығында болған.
Статистика не дейді?
Жапонияда бір жасқа толмаған балалар арасындағы өлім көрсеткіші расымен де өте төмен.
1994 жылы бұл көрсеткіш әр 1000 нәрестеге шаққанда 4,25 болса, 2023 жылы 1,77-ге дейін төмендеген.
1994 жылы не болды?
1994 жылы Жапонияда екі жасқа дейінгі балаларға арналған екпелер тоқтатылған жоқ. Жай ғана бұрын міндетті болып келген екпелер сол жылдан бастап ерікті түрде жүргізіле бастады. Жапония билігі әлі күнге дейін елдегі педиатрлар қауымдастығы ұсынған екпе кестесін ұстанып келеді. Бұл кестеге сай кейбір вакциналар жаңа туған сәбиге бірден салынады, ал кейбірі екі айлығында егіледі.
Тағы бір маңызды жайт: Жапониядағы екпе орталықтарында ата-аналарды екпе кестесін ұстануға ынталандырады. Егер ата-ана кестедегі тәртіппен вакцина салдырса, мемлекет екпенің барлық шығынын өзі өтейді. Ал кестеден салдыратындар екпенің ақысын өзі төлеуге мәжбүр болады.
Сәбилер арасындағы өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуіне бірнеше маңызды себеп бар. Ең алдымен, бұл 1996 жылы басталған және әлі жалғасып жатқан ақпараттық кампаниямен байланысты. Ол қауіпсіз ұйқы ережелерін кеңінен насихаттайды. Сонымен қатар, бала денсаулығының жақсаруына сапалы медициналық қызметке қол жеткізу мен дұрыс тамақтану жөніндегі білімнің артуы да үлкен ықпал етті.
Контекст
Жақында әлеуметтік желілерде «COVID-19 вакцинациясынан кейін түрлі ауруға шалдығу қаупі күрт артты» деген зерттеу деректері тарады. Онда миокардит – 610%-ке, энцефаломиелит – 378%-ке, синустық тромбоз – 32,3%-ке, Гийен-Барре синдромы – 249%-ке артты делінген. Бірақ Factcheck.kz аталған зерттеу шын болғанымен, деректер бұрмаланғанын әрі нақты ғылыми қорытынды жасауға келмейтінін анықтады.
.