Ұялы байланыс операторлары енді байланыс мұнараларын тұрғындардың рұқсатынсыз орната алады. Бұл туралы Цифрлық даму министрлігі әзірлеген заң жобасында айтылған. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды, талқылау 4 маусымға дейін жалғасады.
Егер заң жобасы қабылданып, күшіне енсе, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң жаңа 38-1-баппен толықтырылады.
Жаңа бапта былай делінген:
•Телекоммуникациялық құрылғылар, соның ішінде кондоминиум нысандарына жататын ғимараттар мен құрылыстарға, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болған жағдайда орнатылады;
•Мұндай құрылғыларды орнату үшін ғимараттар мен құрылыстардағы кондоминиум нысандарының, пәтерлер мен коммерциялық орындардың меншік иелерінен немесе олардың өкілдерінен келісім алу талап етілмейді;
•Егер санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болса, кондоминиум нысандарына телекоммуникациялық құрылғы орнатуға меншік иелері немесе олардың өкілдері тыйым сала алмайды;
•Кондоминиум нысандарындағы телекоммуникациялық құрылғылар ұялы байланыс операторларының меншігі болып есептеледі.
Контекст
Тұрғындар байланыс мұнараларын орнатуға жиі қарсы болады. Бұған радио сәулеленуден қорқу – радиофобия себеп. Әсіресе 5G базалық станциялары орнатылған кезде олардың денсаулыққа зияны туралы жалған ақпарат кеңінен тарады.
2019 жылы кейбір елдерде коронавирус пен 5G желілері арасында байланыс бар деген фейк тараған. Қазір де интернетте 5G мұнараларының зияны туралы қауесеттер толастамай тұр.