Wikipedia-ны басқаратын Wikimedia қоры Англия мен Уэльстің Жоғарғы сотына Ұлыбританияның онлайн қауіпсіздік туралы жаңа заңына қарсы шағым түсірді. Қор кейбір ережелер Wikipedia платформасында «манипуляция мен вандализмге» жол ашуы мүмкін деп алаңдайды. Бұл туралы SecurityLab жазды.
Қор ереже Wikipedia-ны қатаң талаптар қойылатын «бірінші санаттағы» ірі платформалар қатарына қосып жібереді деп санайды. Олардың пайымынша, бұл шешім энциклопедияның еркін және ашық даму қағидасына қайшы келіп, еріктілердің құпиялығына қауіп төндіреді, жобаны дамытуға арналған ресурстарды басқа мақсаттарға жұмсауға мәжбүр етеді.
Қордың бас заңгері Фил Брэдли-Шмигтің айтуынша, бұл шағымның басты мақсаты — Wikipedia-да жұмыс істейтін еріктілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлем бойынша білімнің ашықтығы мен тұтастығын қорғау. Қор заңның өзіне емес, платформа қандай жағдайда «бірінші санатқа» жатқызылатынын анықтау әдісіне күмән келтіріп отыр.
Бұл санатқа жатқызу тәртібі министр Питер Кайл қол қойған қосымша құқықтық акт арқылы бекітілген. Wikimedia осы ереженің заңдылығын сот тәртібімен қайта қарауды сұрады.
Даулы мәселе қолданушылардың жеке басын растау талабына қатысты. Қолданыстағы түсіндірмеге сәйкес, егер Wikipedia өз редакторларын верификациядан өткізбесе, аноним қатысушыларға басқа адамдардың түзетулерін (тіпті ол адам троллиң не жалған ақпаратты түзесе де) бұғаттауға рұқсат беруі керек. Мұндай ереже мыңдаған еріктіні жеке басын растауға мәжбүрлеп, қордың деректерді барынша аз жинау принципіне қайшы келеді.
Заң талаптарын бұзғаны үшін 18 миллион фунтқа дейін немесе компанияның жаһандық табысының 10 проценті көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
Брэдли-Шмигтің айтуынша, 300-ден астам тілде мақала жазатын еріктілер жеке деректердің таралуы, қудалау, сот істеріне тап болып, тіпті оларды авторитарлық елдер қамауға алуы ықтимал. «Құпиялық — біздің қауіпсіздік жүйеміздің негізі. Бұл талаптар бастапқыда әлеуметтік желілерге арналса да, Wikipedia-ға едәуір зиян келтіруі мүмкін», — деді ол.
Ұлыбритания үкіметі сот процесі жалғасып жатқандықтан, пікір білдіруден бас тартты. Алайда онлайн қауіпсіздік заңын жүзеге асыруға ниетті екенін айтты.