Wikipedia платформасында мақалалардың басына автоматты түрде қысқаша мазмұн шығару жобасы уақытша тоқтатылды. Бұл шешімді Wikimedia Foundation қабылдады. SecurityLab жазуынша, бұған ЖИ жасаған мазмұнның сапасы мен бейтараптығына деген сенімсіздік себеп болған.
Эксперимент 2025 жылғы 2 маусымда басталған. Жоба шеңберінде мақаланың ең жоғарғы жағына «Unverified» (тексерілмеген) деген белгілері бар қысқаша мазмұндар шығарыла бастады. Бұл мәтіндер Cohere компаниясы дайындаған Aya атты тілдік модель арқылы автоматты түрде жасалды және Wikipedia-ның браузерлік кеңейтімі арқылы көрсетілді. Платформа басында мұндай тәжірибе екі апта ғана, әрі ерікті түрде тек мобильді нұсқада қолданылады деп хабарлаған.
Алайда редакторлар қауымдастығы бастаманы Wikipedia-ның беделі мен ашықтығына төнген қауіп деп қабылдады. Көптеген қатысушы мұны «оқырманның ақыл-ойына жасалған қорлау» деп бағалап, Wikipedia-ның негізгі артықшылығы қолмен өңделген, дәлелденген және бейтарап ақпарат екенін еске салды. Редакторлардың айтуынша, бір ғана генерацияланған мәтіннің мақаланың басына шығарылуы бейтараптық принципін бұзады. Кейбіреулер мұны «Wikipedia-ның онжылдық беделін құрдымға жіберетін қауіп» деп сипаттады.
Жоба уақытша тоқтатылғанымен, жасанды интеллект мүмкіндіктеріне қызығушылық сақталып отыр. Қор болашақта мұндай өзгерістер тек редакторлар қауымдастығымен бірлесе отырып, ашық әрі бақылауға болатын жүйе арқылы іске асырылатынын мәлімдеді.
Контекст
Бұған дейін Wikimedia Foundation ұйымы алдағы үш жылға арналған жасанды интеллекті пайдалану стратегиясын жариялаған. Ұйым өкілдерінің айтуынша, жасанды интеллект «техникалық кедергілерді жою» мақсатында жаңа функцияларды енгізу үшін қолданылады. Яғни редакторлар мен модераторларға техникалық мәселелерге алаңдамай-ақ мақсатына жетуге көмектесетін құралдар ұсынылады.