АҚШ президенті Дональд Трамп сексуалды дипфейктер мен адамның келісімінсіз жарияланған интимдік бейнелерді таратуға тыйым салатын заң қабылдамақшы. Бұл туралы TechCrunch жазды.
Бұл жаңалық 18 мамыр күні (Астана уақытымен кешкі сағат 22:00 шамасында) жарияланған сәтте заң жобасына әлі ресми түрде қол қойылмаған, яғни тек ұсыныс күйінде еді.
Заң жобасы интимдік фото және видеоматериалдарды жариялаған адамдарға қатаң жаза тағайындауды көздейді. Ол материалдар жасанды интеллект арқылы өңделген не өңделмегеніне қарамастан, қылмыстық іс ретінде қарастырылады. Кінәлілерге айыппұл, моральдық өтемақы төлеу немесе бостандықтан айыру сынды жаза қолданылуы мүмкін.
Құжатта көрсетілгендей, әлеуметтік желілер мен өзге де онлайн-платформалар жәбірленушінің шағымынан кейін 48 сағат ішінде мұндай материалдарды жоюға міндеттеледі. Сондай-ақ көшірілген не басқа түрде қайта жүктелген контент те жойылуға тиіс.
Бұған дейін бірқатар штатта осындай заңдар қабылданғанымен, бұл жолы онлайн-платформаларға федералдық деңгейде алғаш рет шектеу қойылуы мүмкін.
Заң жобасының бастамашыларының бірі – президенттің жұбайы Мелания Трамп. Ал құжатты Сенатқа ұсынған – республикашыл Тед Круз (Техас штаты) және демократ Эми Клобушар (Миннесота штаты).
Сенатор Круздың айтуынша, ол бұл қадамға Snapchat платформасының ЖИ көмегімен жасалған 14 жастағы қыздың дипфейк-бейнесін бір жыл бойы өшірмей қойғаны туралы жаңалықтан кейін барған.
Алайда заңның қабылдануына сөз бостандығы мен цифрлық құқықты қорғаушылар алаңдап отыр. Олар құжаттың ережелері тым жалпылама жазылғандықтан, ол тек заңсыз контентпен шектелмей, рұқсат етілген материалдарға (мысалы, заңды порнографияға) және тіпті үкіметке айтылған сынға да цензура орнатуы мүмкін деп қауіптенеді.
Контекст
2019 жылы Вирджиния штаты дипфейк-технология арқылы жасалған жалған порноға тыйым салған алғашқы штаттардың бірі болды. Ал «deepfake» терминінің өзі бұған дейін екі жыл бұрын пайда болса да, бұл сол кезде-ақ кеңінен тарала бастаған еді.