Трамп Авторлық құқықтар басқармасының басшысын қызметтен босатты

АҚШ президенті Дональд Трамп Авторлық құқықтар басқармасының жетекшісі Шира Перлмуттерді қызметінен босатты. Бұл шешім Перлмуттердің Илон Масктың авторлық туындыларды жасанды интеллекті оқытуға пайдалану ұсынысынан бас тартқан соң қабылданған. Бұл туралы CBS News жазды.

Өкілдер палатасының әкімшілік комитетіндегі демократ Джо Морелле бұл шешімді «заңсыз және билікке өрескел араласу» деп бағалады. Перлмуттер бұл қызметке 2020 жылы, Трамптың алғашқы мерзімінде тағайындалған еді. Трамп Перлмуттерді тағайындаған Конгресс кітапханасының басшысы Карла Хейденді де қызметінен босатқан.

Морелле АҚШ Авторлық құқықтар басқармасы жариялаған баяндаманы мысалға келтіреді. Құжатта «әділ пайдалану» (fair use) принципіндегі шектеулер жөнінде жазылған. ЖИ компанияларға зерттеу мен талдау мақсатында контентті қолдануға рұқсат берілуі мүмкін. Бірақ авторлық туындылар заңсыз жолмен алынып, коммерциялық мақсатта, тіпті түпнұсқа шығармалармен бәсекелес болатындай контент жасау үшін пайдаланылса, бұл «әділ пайдалану» шегінен шығады.

Басқарма әзірге үкіметтің тікелей араласуы қажет емес дейді, бірақ болашақта ЖИ компаниялары мен авторлық құқық иелері арасында лицензиялық нарық қалыптасуы тиіс екенін айтады.

Қазір OpenAI секілді компанияларға қатысты авторлық құқыққа байланысты сот ісі жүріп жатыр. OpenAI АҚШ үкіметінен жасанды интеллектке қатысты авторлық құқық стратегиясын заңдастыруды сұрап келеді.

Контекст

Бұған дейін Вашингтон, Копенгаген және Стэнфорд университетінің зерттеушілері OpenAI-дің GPT модельдері авторлық құқықпен қорғалған деректерді «жаттап алғанын» анықтаған.

Журналист

Factcheck.kz