АҚШ президенті Дональд Трамп 240 мыңға жуық украиналық босқынның уақытша құқықтық мәртебесін жоятынын мәлімдеді. Енді босқындар депортациялануы мүмкін. Бұл туралы «Власть» басылымы Reuters-ге сілтеме жасап хабарлады.
Трамп журналистерге бұл шешімді «жуырда» қабылдайтынын, бірақ «ешкімге зиян келтіруді көздемейтінін» айтты.
Украиналықтарға берілген құқықтық қорғаныс шараларын жою – Трамп әкімшілігінің 1,8 миллионнан астам мигрантты заңды мәртебесінен айыруға бағытталған ауқымды бастамасының бір бөлігі. Бұл мигранттарға АҚШ-қа кіруге бұрынғы президент Джо Байден енгізген уақытша гуманитарлық бағдарламалар аясында рұқсат берілген еді.
Украиналық босқындар сәуірде мәртебесінен айырылуы мүмкін. Алайда бұл Трамптың өткен аптада Владимир Зеленскиймен кездесіп, сөзге келуіне дейін-ақ жоспарланған.
Трамптың 20 қаңтардағы жарлығына сәйкес, Ішкі қауіпсіздік министрлігі барлық шартты түрде босату бағдарламасын тоқтатады. Бұл 530 мың кубалық, гаитилік, никарагуалық және венесуэлалық мигрантқа да қатысты. «Шартты түрде босатылған» мәртебесінен айырылған мигранттар жедел депортациялануы мүмкін.
АҚШ шекарасын заңсыз кесіп өткен иммигранттар елге кіргеннен кейін екі жыл ішінде депортацияланады. Алайда ресми шекара бекеттері арқылы кіргенімен, АҚШ-қа ресми түрде «қабылданбаған» адамдар мен шартты түрде босатылғандарды қайтаруға уақытпен шектеу жоқ.
Байденнің әкімшілігі енгізген бағдарламалар заңсыз иммиграцияны тежеу әрі гуманитарлық көмек беру мақсатында уақытша заңды жолдарды қалыптастыруға бағытталған. Бұл бағдарламалар тәліптер билігі орнағаннан кейін Ауғанстаннан кеткен 70 мыңнан астам адамға көмек берді.
Трамп президент қызметіне кіріскеннен кейін, шетелге берілетін гуманитарлық көмекті 90 күнге тоқтату туралы жарлыққа қол қойған. Бұл халықаралық қаржыландыру жүйесінде дүрбелең туғызып, бағдарламалардың жабылуына, жұмыссыздыққа әкелді.