Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында жекелеген құқық қорғаушылар мен журналистердің әрекетін арандатушылық деп бағалап, қоғамда теріс пікір қалыптастыруға тырысады деді. Бұл туралы «Азаттық радиосы» жазды.
«Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті», – деді президент.
Тоқаев бұл азаматтар «шетелден қаржы алып, соны ақтауға жұмыс істеп жүр» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстандағы демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкім алаңдамайды.
Тоқаев шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері туралы да ескерту жасады, алайда нақты қандай ұйымдар екенін атамады. Оған қоса, президент «күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін» популистер мен жалған саясаткерлерге де тоқталды. «Ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ», – деді ол.
Сессия барысында Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясын «этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз институт» ретінде сипаттады. Ол бұл институттың 1995 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын да еске салды. Ассамблеяның негізгі мақсаты – ел ішіндегі этностар арасындағы келісімді сақтау әрі нығайту. Бірақ сарапшылардың кейбірі бұл құрылымның бастапқыда бұрынғы президенттің өкілетін ұзартуға қызмет еткен саяси құрал болғанын алға тартады.
Басты беттегі сурет akorda.kz сайтынан алынды.