2024 жылы Telegram мессенджері АҚШ билігіне 900 сұрауға жауап ретінде 2253 пайдаланушы туралы ақпарат берген. Бұл туралы 404 Media хабарлады.
Басылымның жазуынша, 2024 жылғы 1 қаңтардан 30 қыркүйек аралығында Telegram IP мекенжайлары немесе телефон нөміріне қатысты АҚШ-тың 14 сұранысын орындаған, бұл 108 пайдаланушының дерегін қамтыған. Telegram платформасының негізін қалаушы Павел Дуров былтыр тамызда Францияда қамауға алынған соң, АҚШ-қа берілген деректер саны күрт өскен.
Ал кейінгі уақытта Ресейден келген сұраныстарға бот бірде-бір рет жауап бермеген. Bleeping Computer ресурсының жазуынша, батыс елдері мессенджерге пайдаланушы деректері саясатын өзгертуге қысым жасамас бұрын, Telegram тек терроризм жағдайында ғана пайдаланушылардың IP мекенжайы мен телефон нөмірін ашқан.
Кейінірек мессенджердің құпиялылық саясаты өзгеріп, Дуров пайдаланушы дерегін құқық қорғау органдарына киберқылмыс, заңсыз тауарлар сату, онлайн алаяқтық сияқты жағдайларда беруге уәде берді.
Былтыр 24 тамызда Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Францияда киберқылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталған. Оған «билікпен ынтымақтастықтан бас тартты, балалар порнографиясына, есірткі таратуға қатысты» деген айып тағылды. Бірнеше күннен кейін Дуров Франциядан кетпеуге, үнемі полицияға баруға міндеттеліп, кепілмен босатылды.