Тель-Авивке зымырандар жауып жатқан сурет рас па?

2025 жылғы маусымда әлеуметтік желілерде Тель-Авивке ондаған зымыран бір мезетте жауып жатқаны бейнеленген сурет кең тарады. Snopes басылымы суреттің рас-өтірігін тексерді.

Қолданушылардың көбі бұл фотоны шынайы әскери шабуылдың дәлелі ретінде қабылдап, «Бұл — Тель-Авив, бұл жасанды интеллект емес» деген жазбаны бөлісті. Жазба X (бұрынғы Twitter) желісінде 27 миллионнан астам қаралым жинаса, Facebook-та дәл осы сурет 32 мыңнан астам реакцияға ие болды.

Алайда Snopes бұл көріністің ешқандай шындыққа жанаспайтынын анықтады. Шын мәнінде суретте Тель-Авивтегі шабуыл емес, жасанды интеллект арқылы өңделген көрініс бейнеленген. Фотоны ешқандай беделді ақпарат көзі жарияламаған. Ал оның авторы кейіннен бұл суретті ЖИ генераторы арқылы өзі жасағанын растады.

Мамандар фотодағы элементтерден оның қолдан жасалғанын бірден аңғарған. BBC Verify жобасының журналисі Шайан Сардаризаде бұл суретті көріп, сеніп қалған 11 миллионнан астам адамға өкініш білдіріп, оның жасанды екенін ашық айтты. Дезинформацияны зерттеуші Тал Хагин суреттің нақты авторы Mhamad Yusif екенін анықтап, ол бұл көріністі 2025 жылғы 13 маусымда Facebook-та алғаш рет жариялағанын көрсетті. Түпнұсқада автордың сутаңбасы анық көрінеді, бірақ желіде тараған нұсқаларда бұл белгі қиылып тасталған. Google арқылы жасалған кері іздеу нәтижесі де Yusif-тің жазбасы суреттің алғашқы дереккөзі екенін дәлелдейді.

LeadStories фактчекиң платформасы бұл фото мен шынайы әскери шабуылдар арасындағы айырмашылықты да айтып өтті. Олардың айтуынша, шын соғыста көбіне қорғаныс жүйелерінің зымырандары аспанға қарай атылып жатады, ал шабуыл зымырандары әлдеқайда аз болады. Оған қоса, Тель-Авивтің көкжиегінде ондаған биік ғимарат бар, ал фейк суретте қала аласа құрылыстардан тұрады. 2025 жылғы 13 маусымда Иран шабуылынан кейін түсірілген Тель-Авивтің фотолары да бұл көріністің жалған екенін растайды.

Журналист

Factcheck.kz