TechCrunch: Meta AI қолданушылары жеке мәліметін байқамай жариялап жатыр

Meta компаниясы жақында іске қосқан дербес Meta AI қосымшасы қолданушылардың құпиялылығына байланысты cынға ұшырап жатыр. Қосымшада жасанды интеллектпен (ЖИ) жүргізілген жеке әңгімелерді қолданушылар көпшілікпен бөлісіп жатқанын байқамай қалуы мүмкін. Бұл туралы TechCrunch жазды.

Қосымшада қолданушы сұрақ қойғаннан кейін, оны «бөлісу» түймесі арқылы жариялауға болады. Алайда бұл процесте пайдаланушының жазбасы нақты қай платформада, қандай аудиторияға таралатыны туралы ескерту берілмейді. Осылайша кейбір адамдар чаттағы мәтіндік әңгімелерін, аудиожазбаларын немесе суреттерін қоғамға ашық жариялап қойған.

Кейбір мысалдарда қолданушылар салықтан жалтару жолдарын, заң алдындағы жауапкершіліктен қалай құтылуға болатынын немесе нақты адамның аты-жөні көрсетілген мінездеме жазуды сұраған. Ақпараттық қауіпсіздік бойынша сарапшы Рэйчел Тобак қолданушылардың мекенжайы мен сотқа қатысты құпия деректерін де анықтағанын хабарлады.

Meta компаниясы бұл жағдайға байланысты ресми түсініктеме бермеген. Appfigures аналитикалық агенттігінің мәліметінше, Meta AI қосымшасы 29 сәуірден бері 6,5 миллион рет жүктелген. Бұл көрсеткіш шағын әзірлеуші үшін жақсы саналғанымен, Meta секілді технологиялық алып үшін төмен деп бағалауға болады.

Кейінгі уақытта қосымшада троллиңге ұқсайтын жазбалар көбейіп кетті. Мысалы кейбір қолданушылар түйіндемесін жариялап, киберқауіпсіздік саласына жұмыс сұраса, басқалары Pepe the Frog аватарын қойып, бөтелкеден есірткі құралын қалай жасауға болатынын сұраған.

Meta компаниясы Meta AI-ды кеңінен қолдандыруды көздесе, мұндай қоғамдық масқара, расымен де, назар аудартудың бір тәсілі болуы мүмкін. Алайда сарапшылар мұндай тәсіл компанияның беделіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертіп отыр.

Журналист

Factcheck.kz