Наурызбай аудандық соты Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебектің бостандығын бес жылға шектеді. Оған қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға, журналист болып жұмыс істеуге, БАҚ-қа сұхбат беруге тыйым салынды.
Сот Еңсебекті Қылмыстық кодекстің 174-бабы, 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Бұған дейін прокурор Дидар Қабаев айыптау актісінде Темірлан Еңсебектің Qaznews24 парақшасының әкімшісі ретінде 2024 жылғы 21 қаңтарда «Қазақстандық рэперлер Канделакиге арналған трек жазды» деген тақырыппен жазба жариялағаны көрсетілгенін айтқан.
Еңсебек судьядан ең жеңіл жазаны сұрап, прокурор айтқан шектеулердің кем дегенде жартысын алып тастауды өтінген. Ал адвокат Жанара Балғабаева сот отырысының белгіленген уақыттан жылдам өтіп кеткенін айтады.
Темірлан Еңсебектің соты бұған дейін бірнеше рет кейінге шегерілген. Алғашында тыңдау 14 ақпанда өтуі тиіс еді, кейін 21 ақпанға, одан соң тағы белгісіз мерзімге шегерілді. 27 ақпанда Алматының Алмалы аудандық сотында негізгі сот отырысы басталғанымен, прокурор Айнаш Жуаспаева сотты Наурызбай ауданында өткізуді сұрады. Жанар Балғабаева Еңсебектің ісі бойынша сот 9 сәуірде өтетінін «Азаттық Азия» басылымына хабарлады.
Контекст
18 қаңтарда Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті екі айға қамауға алғанын еске салайық. Сот оған 174-бап бойынша «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тақты. Алматы полиция департаменті Темірлан Еңсебектің жариялаған материалында «ұлтаралық алауыздықты қоздырудың айқын белгілері бар» және «бүтін бір этникалық топтың ар-намысына тиетін» сөздер бар деп мәлімдеген.
Бұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Журналистерді қорғау комитеті де Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. 13 ақпанда халықаралық Amnesty International ұйымы да оның босатылуын талап етті.
Басты беттегі сурет Qaznews24 парақшасынан алынды.