DEMOSCOPE бюросы 2025 жылғы 27 қаңтар мен 5 ақпан аралығында «Қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы» деген тақырыпта сауалнама жүргізді. Оған Қазақстан бойынша 1100 адам қатысты.
Жалпы 2022, 2023 және 2025 жылдары бір әдістеме бойынша жүргізілген сауалнама арқылы қазақстандықтардың соғысқа деген көзқарасының өзгеру динамикасын анықтауға болады.
Қазақстандықтардың үштен бірі соғысты ақтайды
Зерттеу нәтижелері Ресей пропагандасының қазақстандықтардың қоғамдық пікіріне әлі де әсер ететінін көрсетеді – ел азаматтарының 27,8%-і Украинадағы соғысты Ресей пропогандасы арқылы қабылдайды:
- 10,7%-і Ресей Украинадағы нацистерге қарсы «арнайы әскери операция» жүргізіп жатыр деп сенеді.
- 17,1%-і бұл соғысты Ресейдің Батыс елдері мен НАТО-ға қарсы күресі деп ойлайды.
2022 жылы Кремльдің ұстанымын 33,2%, ал 2023 жылы 31,8% қолдаған. Бұл көрсеткіштің тұрақтылығы Қазақстанның ақпараттық кеңістігінің осал екенін көрсетеді. Қазақстанда ресейлік, соның ішінде пропагандалық контент үздіксіз таралып, белгілі бір аудиторияға тұрақты ықпал етіп отыр.
Соғысқа қарсы көзқарас та үш жыл ішінде айтарлықтай өзгерген жоқ. 2025 жылы сауалнамаға қатысқандардың 24%-і Ресейдің мақсаты Украинаны басып алып, өзіне қосу екенін айтты (2022 жылы – 22,1%, 2023 жылы – 28,4%). Ал респонденттердің жартысына жуығы (48,2%) нақты жауап беруге қиналған.
Соғысқа қатысты көзқарасты білдіретін тағы бір маңызды индикатор – екі тарапты қолдау деңгейі. Өткен үш зерттеудің нәтижесі аудиторияның осы мәселе бойынша тұрақты бейтарап ұстанымын көрсетеді. 2025 жылғы сауалнама қорытындысы бойынша бұл позиция – 55,5%, 2022 жылы – 59,1%, 2023 жылы – 59,8%.
Соғысқа көзқарас азаматтардың жасына байланысты әртүрлі. Ресейді ең көп қолдайтын топ – 60 жастан асқандар (37,7%), бұл 50-59 жас аралығындағы (17,3%) респонденттерге қарағанда екі есе, ал 30-39 жастағыларға (7,1%) қарағанда бес есе көп.
Ал Украинаны қолдау деңгейіне қатысты жас топтары арасында – 15,4%-тен 28,9%-ке дейін бірқалыпты өзгеріп отырады.
Соғысқа деген қызығушылықтың азаю тенденциясы
Қоғамның соғысқа деген қызығушылығы азайып бара жатқанымен, бұл тақырыптың өзекті екені анық байқалады. 2025 жылы респонденттердің 42%-і майдандағы жағдайды бақылауды жалғастырады. Олардың 11,8%-і күн сайын жаңалықтарды қадағаласа, 30,2%-і ара-тұра қарап отырады. 2023 жылы бұл көрсеткіш 53%, ал 2022 жылы 62,6% болған. Қызығушылықтың азаюы аудиторияның соғыс тақырыбынан шаршап, ішкі экономикалық және саяси мәселеге назардың ауысуымен байланысты болуы мүмкін.
Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, соғыс туралы ақпарат алудың негізгі көзі – әлеуметтік желі (55,8%). Сондай-ақ, респонденттер қазақстандық БАҚ-тан (19,9%), таныстары мен туыстарынан (13,6%), ресейлік БАҚ-тан (9,3%) мәлімет алады. Украина (2,9%) және басқа елдердің (2,4%) БАҚ-тары аса танымал емес.
Соғыстың нәтижесіне қатысты көпшілік бейбіт келіссөздерді күтеді. Респондеттердің 57,4%-інің пікірінше, екі тарап басқа елдердің араласуымен ымыраға келеді. 11,8%-і Ресей жеңеді, ал 4,7%-і Украина жеңеді деп есептейді.
Агрессияға қатысты пікірдің екіге бөлінуі
DEMOSCOPE бюросы 2022 жылдан бері сауалнама жүргізіп, Қазақстан қоғамында Ресейге қатысты үрейдің бар екенін тіркеп келеді. 2025 жылы қазақстандықтардың 25,8%-і Ресейдің Қазақстанға шабуыл жасау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Олардың 8,8%-і мұндай сценарийді толық мүмкін деп санаса, 17%-і әскери агрессия болуы ықтимал, бірақ белгілі бір жағдайларда ғана деп есептейді. Респонденттердің 58%-і ешқандай агрессия болмайды, мүмкін емес деп санайды, ал 16,2%-і бұл сұраққа жауап беруге қиналған.
Респонденттерге соғыс басталғаннан кейін екі елге деген көзқарасы өзгерді ме деген сұрақ қойылды. Қазақстандықтардың 14,6%-інің Украинаға, ал 4,3%-інің Ресейге деген көзқарасы жақсарған. Сонымен бірге, 28,8%-і Ресейге, 14,6%-і Украинаға деген көзқарасының нашарлағанын мәлімдеген. Сауалнамаға қатысушылардың жартысынан астамының (54,1% – Ресейге, 57,7% – Украинаға қатысты) бұл елдерге деген көзқарасы өзгеріссіз қалған.
Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, респонденттердің үштен бірінен астамы (35,1%) соғыстың Қазақстан экономикасына теріс әсер еткенін айтады. Тек 5%-і оң өзгерістерді байқаған, ал 41,3%-і соғыс пен экономикалық жағдайдың нашарлауы арасында байланыс көрмейтінін жеткізген.
DEMOSCOPE зерттеулері қазақстандықтардың едәуір бөлігі Украинадағы соғыстың мәні мен себептерін бағалауда ресейлік пропаганданың ықпалына ұшырайтынын растайды. Сонымен қатар, Қазақстанның ресми БАҚ-тары соғыс туралы мүлде ақпарат таратпайды, осылайша ішкі ақпарат қалыптастыру мүмкіндігін ресейлік медианың қолына беріп отыр.
Геосаяси тұрақсыздық артып келе жатқан жағдайда мұндай тәсіл қоғамның жіктелуіне және ксенофобияның күшеюіне әкелуі мүмкін. Бұл ақпараттық қауіпсіздік саясатын қайта қарауды, сондай-ақ медиасауатты жүйелі түрде енгізуді және жалған ақпаратпен күресуді талап етеді.
Бұл жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен және PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп жүргізіп отыр.