2022 жылғы 24 қаңтарда Ресей Украинаға басып кіріп, зымыранмен шабуыл жасады. Бірақ Владимир Путин мұны «әскери операция» деп атады. Соғыс басталғалы Украинада қару-жарақ пен қаржы мәселесі одақтастардың көмегінің арқасында біршама тұрақты болғанымен, адам саны жағынан көп шығынға ұшырады. BBC-дің украин қызметі соғыстың үшінші жылына шолу жасады.
Халық санының азаюы
Украинада кейінгі халық санағы 2001 жылы өткізілген. Соғысқа дейін (Қырым мен Донецк және Луганск облыстарының оккупацияланған бөліктерін есептемегенде), Украинада шамамен 41-42 миллион адам тұрған. БҰҰ-ның есептеуінше, 2022 жылғы ақпаннан бері Украина халқы 10 миллион адамға азайған. 2024 жылдың күзінде жарияланған АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) есебіне сәйкес, Украинадағы өлім деңгейі мың адамға шаққанда – 18,6. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Ал Ресейдегі өлім деңгейі мың адамға 14 өлімнен келеді.
Азаматтық шығындар
БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Розмари Дикарлоның айтуынша, соғыс салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 30%-ке артқан. Әсіресе 2024 жылғы алғашқы үш тоқсанда балалардың өлімі мен жарақаттануы 2023 жылғы көрсеткіштен асып түсті. Соғыс басталғалы кем дегенде 12 456 бейбіт адам қаза тапқан, олардың 669-ы — балалар. Бірақ БҰҰ бұл статистика тек расталған өлім санын қамтитынын айтады, шын мәнінде құрбандар саны бұдан да көп болуы мүмкін.
Әскер шығыны
Соғыстың үш жылы ішінде украин билігі әскери шығындар туралы мәліметтерді сирек жариялады. Алайда 2025 жылғы ақпанда президент Зеленский британдық журналист Пирс Морганға берген сұхбатында 45 100 украиндық әскер қаза тапқанын айтты. Бір жыл бұрын Зеленский 31 мың әскери қызметкердің қаза болғанын мәлімдеген еді.
Украина ішінде қоныс аударғандар
Әлеуметтік саясат министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылғы желтоқсанның басында 4,9 миллион адам ел ішінде қоныс аударған. Оның 3,6 миллионы үйін тастап кетуге мәжбүр болған. 2025 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша, уақытша қоныс аударған 1,2 миллион адам мемлекеттен көмек алып отыр.
Шетелдегі Украина азаматтары
БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі Жоғары комиссары басқармасының мәліметінше, 2025 жылғы қаңтарда әлемде 6,9 миллионға жуық украиналық босқын тіркелген. Олардың 6,3 миллионы Еуропада тұрып жатыр. Еуростаттың дерегіне сәйкес, украиналықтарды ең көп қабылдаған елдер — Германия (1,161 миллион адам немесе жалпы санның 27,3%) және Польша (0,991 миллион немесе 23,3%). Бастапқыда Украинадан соғыстан қашқан адамдардың көбі Польшада тұрған. Кейін Германия босқын саны бойынша көш басына шықты. Экономикалық стратегия орталығының есептеуінше, соғыс кезіндегі миграция салдарынан Украина 1,7-2,3 миллион жұмыс күшінен айырылған.
Соғысқа кеткен шығындар
Украина қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылы қауіпсіздік пен қорғаныс саласына бюджеттен шамамен 2,1 триллион гривен (51,9 миллиард доллар) жұмсалған. Бұл орташа есеппен алғанда, соғыстың әр күні шамамен 5,7 миллиард гривенге (142 миллион доллар) түскенін көрсетеді. Соғыс басталғаннан бері Украина қорғаныс саласындағы барлық шығындарды өз қаражаты есебінен өтеп келген.
Халықаралық көмек
Украинаның экономикалық тұрақтылығында одақтастардың қаржылай көмегі негізгі рөл атқарып отыр. Себебі бұл көмек бюджеттің азаматтық шығындарын жабуға айтарлықтай қолдау көрсетеді. Ал украин экономикасының барлық ресурсы қорғанысқа бағытталған. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы Украина серіктестерінен шамамен 41,7 миллиард доллар көмек алған.
2022-2024 жылдары Украинаға Еуроодақ — шамамен 45 миллиард доллар, АҚШ — 31 миллиард доллар, Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) — 12,4 миллиард доллар берген. 2025 жылдың басынан бері Еуроодақтың үлесі тағы 3 миллиард еуроға артты.
Экономикалық шығындар
Киев экономика мектебінің (KSE) мәліметі бойынша, 2024 жылғы қарашаға қарай ел инфрақұрылымына келген шығындардың жалпы сомасы 170 миллиард долларға жеткен. Ең көп зардап шеккен сектор – тұрғын үй қоры, көлік инфрақұрылымы және энергетика саласы. Әсіресе, Донецк, Харьков, Луганск, Киев, Чернигов және Херсон облыстарында көп қираған. 2024 жылдың қарашасына қарай 236 мың тұрғын үй қираған, мың жылу қазандығы, 214 орталық жылу пункті, 354 шақырымнан астам жылу желілері айтарлықтай зақымданған. Украинаның энергетика секторы 14,6 миллиард долларлық активтерінен айырылды. Ресейлік шабуылдардың салдарынан Кахов және Днепр су электр станциялары, Триполь және Змиев жылу электр станциялары толығымен істен шықты. Ресей басып кіргелі бері 4 мыңнан астам оқу орнына зақым келген. 2024 жылы экономикалық өсімнің баяулауымен қатар Украинада инфляция қарқыны да артты.Мемлекеттік статистика қызметінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылғы баға былтырға қарағанда 12,9%-ға өскен.
Контекст
Еуропа елдерінде Ресейдің Украинға соғыс ашқанына үш жыл толуына орай демонстрациялар өтті. Оған қатысқандар Ресей агрессиясына қарсы күресіп жатқан Украинаға қолдау білдірді. Мәселен 23 ақпанда Брюссель, Прага қаласында тұрғындар Украинаны қолдап, шеруге шықты. Кейінгі бірнеше күнде Киевті қолдау акциясы әлемнің жүздеген қаласында өткен.
DEMOSCOPE бюросы 2025 жылғы 27 қаңтар мен 5 ақпан аралығында «Қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы» деген тақырыпта сауалнама жүргізді. Оған Қазақстан бойынша 1 100 адам қатысты.
Қазақстандықтардың соғысқа қарсы көзқарасы да үш жыл ішінде айтарлықтай өзгерген жоқ. 2025 жылы сауалнамаға қатысқандардың 24%-і Ресейдің мақсаты Украинаны басып алып, өзіне қосу екенін айтты (2022 жылы – 22,1%, 2023 жылы – 28,4%). Ал респонденттердің жартысына жуығы (48,2%) нақты жауап беруге қиналған.