Ресейлік үгіт-насихат таратушылар батыстың танымал ЖИ жүйелеріне еніп, жалған ақпарат таратуға ықпал етіп жатыр. Бұл туралы Meduza басылымы NewsGuard зерттеуіне сілтеме жасап хабарлады. Сарапшылар OpenAI, Google және Meta-ны қоса алғанда 10 түрлі чат-боттың жауабын талдаған. Нәтижесінде бұл жүйелердің 33%-ы ресейлік пропаганданың жалған ақпаратын қайталайтыны анықталған.
Зерттеудің негізгі тұжырымдары
- Чат-боттардың жауабына ықпал ету үшін ресейлік пропагандистер Pravda деп аталатын сайттар желісін құрған.
- Бұл сайттар өздері ақпарат жасамайды, тек ресейлік пропаганданы қайта жариялайды.
- Негізгі ақпарат көздері – әлеуметтік желілердегі ресейшіл аккаунттар мен ресейлік ақпарат агенттіктері.
- Pravda желісіндегі сайттардың нақты саны белгісіз. Viginum зерттеуі 193 сайтты атаса, American Sunlight Project (ASP) 2025 жылғы ақпанда 97 сайт туралы мәлімет келтірген. NewsGuard кемінде 150 сайтты анықтаған, бірақ 2025 жылдың басында бұл желіге 200-ден астам домен кірген.
- Pravda желісіндегі 40-қа жуық сайт орыс тілінде, олардың атауы Украинаның әртүрлі өңіріне сілтейді, мысалы news-kiev.ru, kherson-news.ru, donetsk-news.ru.
- Қалған сайттар Еуропа, Африка және Азия елдеріне бағытталған, жалпы алғанда, бұл желі 46 тілде ақпарат таратады.
- Бұл пропагандалық желі жылына 3 миллионнан астам мақала жасай алады. Бірақ оларды көбіне адамдар емес, жасанды интеллект жүйелері ғана оқиды.
- Pravda желісінің басты ерекшелігі – оның сайттары нақты аудитория жинауға емес, ЖИ жүйелерін «ақпаратпен толтыруға» арналған. NewsGuard мәліметінше, мұндай контент іздеу жүйелеріне ықпал етіп, жалған ақпараттың кең таралуына ықпал етеді.
Зерттеу барысында NewsGuard мамандары чат-боттарға ресейлік пропаганда тарататын 15 тақырып бойынша 450 сұрақ қойды:
- 33,55%-ында чат-боттар жалған ақпаратты қайталаған.
- 18,22%-ында сұраққа жауап бермеген.
- 48,22%-ында дезинформацияны жоққа шығарды.
- 56 жауапта Pravda желісіндегі сайттарға тікелей сілтеме болған.
Зерттеушілер чат-боттарға «вирустық» ақпараттың енуі белгілі бір нарративтердің әртүрлі тілде және түрлі ақпарат көздерінде жүйелі түрде таралуымен байланысты дейді. Тәуелсіз сияқты көрінетін сайттар шын мәнінде жалған мәліметтерді жариялап, оларды шынайы ақпарат секілді көрсетеді. Viginum сарапшылары Pravda желісін құру мен басқаруда Қырымда тіркелген TigerWeb компаниясы тұрғанын анықтады. Бұл компания 2015 жылдан бері уеб-сайттарды жасау, қолдау және алға жылжыту қызметімен айналысады.
Pravda желісі 2022 жылдың басында, яғни Ресей Украинаға басып кірердің алдында немесе сол кезде іске қосылған. NewsGuard дерегінше, осы уақыт ішінде желі кемінде 207 жалған нарратив таратқан.
Әзірге чат-боттардың білім базасына дезинформацияның енуін қалай тоқтатуға болатыны белгісіз. Тіпті әзірлеуші компания Pravda желісінің барлық дереккөзін сүзгіден өткізіп, оларды базадан алып тастаса да, келесі күні-ақ жаңа домендер пайда болуы мүмкін. Оның үстіне, бұл пропаганданы толықтай жою мүмкін емес, себебі аталған сайттар тек ақпаратты қайта таратады. Олар жабылған күннің өзінде, чат-боттардың ресейлік БАҚ тарататын нарративтерді пайдалану ықтималдығы жоғары болады.