Мәскеудің Таған аудандық соты Telegram мессенджеріне тыйым салынған контентті, яғни теракт жасауға және үкіметке қарсы шерулерге шақырған арналарды өшірмегені үшін 7 миллион рубль айыппұл салды. Бұл туралы Deutsche Welle ТАСС агенттігіне сүйеніп хабарлады.
Сот құжаттарында көрсетілгендей, Роскомнадзор қызметі Telegram-дағы бірқатар арнада «Ресей билігін құлату мақсатында наразылыққа қатысуға» және «теміржол көлігінде теракт жасауға» үндейтін жазбалар анықтаған. Құжатта мұндай әрекеттер Украина қарулы күштеріне көмек беру үшін ұйымдастырылмақ болғаны да жазылған. ТАСС мәліметінше, бұған дейін де сот Telegram мессенджеріне осыған ұқсас заң бұзушылықтар үшін бірнеше рет 4 миллион рубль көлемінде айыппұл салыпты.
2025 жылғы ақпандағы дерек бойынша, Украинада басталған соғыстан кейін Telegram мессенджеріне жалпы 63,4 миллион рубль айыппұл салынған. Бұл тыйым салынған ақпаратты өшірмеу, өздігінен модерация жүргізбеу және Роскомнадзор талаптарын орындамау тәрізді әкімшілік заң бұзушылықтар үшін тағайындалды.
2017 жылдан бастап Telegram Роскомнадзордың талабымен 373 мыңнан астам жазба мен арналарды жойған. 7 сәуір күні ведомство ресейлік шенеуніктер, олигархтар мен қауіпсіздік қызметкерлері жайлы құпия ақпарат тарататын әйгілі «ВЧК-ОГПУ» арнасының да өшірілгенін мәлімдеді.