Ресей Google-ға Украинада соғысқандардың дерегін жариялағаны үшін айыппұл салды 

Мәскеудің Таған аудандық соты Google компаниясына Украинадағы соғыста қаза тапқан Ресей сарбаздарының жеке дерегін жариялағаны үшін 3,8 миллион рубль айыппұл салды. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.

ТАСС мәліметінше, Ресей заңдарына сай қол жеткізуге тыйым салынған ақпаратқа байланысты шектеулерді бұзу бойынша іс қозғалып отыр. Ресей билігі бұл құқық бұзушылықты YouTube платформасында жарияланған видеолардың бірінен анықтаған. 

«Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникация саласындағы қадағалау жөніндегі федералдық қызметке арнайы әскери операция барысында (Украинадағы соғыс – ред.) Ресей Қарулы Күштерінің жеке құрамының шығыны туралы ақпаратты, соның ішінде қаза тапқандардың аты-жөні, анкеталық мәліметтері мен басқа да жеке деректері бар материалдардың таралуы заңмен тыйым салынғаны жөнінде шешім келіп түскен», – делінген құжатта.

Бұған дейін сот шешіміне YouTube-та ресейлік әскери қызметкерлерге тұтқынға қалай берілу туралы нұсқаулықтың жариялануы себеп болғаны хабарланған. Алайда сот шешімінің толық мәтінінде Google-ды әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болған өзге де себептер көрсетілген.

Бұл Таған сотының Google компаниясына салған алғашқы айыппұлы емес. Бұған дейін де YouTube платформасында «дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттау» мен «ресейлік армияны қаралау» мазмұнындағы видеолар үшін хаттамалар толтырылған.

Контекст

Мәскеудің Таған аудандық соты Telegram мессенджеріне тыйым салынған контентті, яғни теракт жасауға және үкіметке қарсы шерулерге шақырған арналарды өшірмегені үшін 7 миллион рубль айыппұл салған.

Журналист

Factcheck.kz