Qaznews24 Темірлан Еңсебексіз жұмысын жалғастырады

Qaznews24 cатиралық жаңалықтар парақшасы Темірлан Еңсебексіз әрі жаңа құраммен жұмысын жалғастыратынын хабарлады. Бұл туралы «Власть» жазды. Сот сәуірде парақшаның негізін қалаушы Еңсебектің бас бостандығын бес жылға шектеген.

«Темірлан Qaznews24 жұмысын тоқтатпағанын, сатираның үні өшпегенін, сөз еркіндігі қанша тар болса да, елде жоғалмасын деп тілеген еді», — деп жазылған редакция жариялаған хабарламада.

Редакция Еңсебектің жобадан кетуі «оңай болмады» деді. Енді ол контент әзірлеуге қатыспайды және әлеуметтік желідегі аккаунтқа кіре алмайды.

Төрт жыл бұрын ашылған Qaznews24-тің Instagram парақшасына 77 мыңнан астам адам жазылған.

Контекст

18 қаңтарда Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекті екі айға қамауға алғанын еске салайық. Сот оған 174-бап бойынша «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тақты. Алматы полиция департаменті Темірлан Еңсебектің жариялаған материалында «ұлтаралық алауыздықты қоздырудың айқын белгілері бар» және «бүтін бір этникалық топтың ар-намысына тиетін» сөздер бар деп мәлімдеген.

Ал сәуірде Наурызбай аудандық соты Еңсебектің бостандығын бес жылға шектеді. Оған қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға, журналист болып жұмыс істеуге, БАҚ-қа сұхбат беруге тыйым салынды. Темірлан Еңсебек елде өз пікірін ашық білдіргені үшін құқығы шектелген азаматтардың қатарына қосылды.

Журналист

Factcheck.kz