Прокурор Дидар Қабаев Qaznews24 парақшасының авторы Темірлан Еңсебектің бостандығын 5 жылға шектеуді сұрады. Бұл туралы «Власть» хабарлады.
Прокурор Дидар Қабаев Еңсебектің Алматы қаласында «адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы ауыр қылмыс жасағанын» айтты. Оның сөзінше, сотта қаралған дәлелдер айыпталушының кінәсін растайды.
«Қылмыстық кодекстің 174-бабы, 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған (Темірлан Еңсебекке – ред.) 5 жыл мерзімге бостандықты шектеу жазасын тағайындауды сұраймын», – деді прокурор.
Сонымен қатар ол Еңсебекті сот залынан босатуды және оған жазасын өтеу мерзімі ішінде қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға, журналист болып жұмыс істеуге немесе БАҚ-қа сұхбат беруге тыйым салуды сұрады.
Еңсебек бұл шектеулер тағайындалса, қазақстандық журналистикаға үлкен соққы болатынын айтты.
Бұған дейін Еңсебек судья Қайсинаға сенімсіздік білдіріп, оның қорғау құқығын бұзып жатқанын айтқан. Адвокат Жанара Балғабаева да судьяның бастапқыда сот процесінің ашықтығын қамтамасыз етпегенін алға тартты. Қорғау тарапы мұны талап еткен, ал судья көрермендер үшін қосымша зал ұйымдастыратынын айтса да, бұл орындалмаған.
«Процесс алдыңғы күні ғана басталды. Сот тергеуі ақылға қонымды уақытқа созылуы керек, кемінде екі ай, сонда ғана адам өз құқығын қорғай алады», – деді Балғабаева.
Алайда судья Аян Бибатыров Бейнегүл Қайсинаны істі қараудан шеттету туралы ұсынысты қабылдамады.
Бұған дейін аймақаралық сот сараптамалар орталығының лингвист-сарапшысы Зияда Абдулжановадан жауап алынған. Дәл осы сараптама айыптау негізі ретінде пайдаланылған. Абдулжанова сараптама атауы психология-филологиялық болғанымен, орталықта психолог маман болмағандықтан, тек филологиялық сараптама жасағанын айтты.
Адвокат сарапшыдан нақты не зерттегенін анықтауға тырысты. Сарапшы зерттеуге өзіне аудиожазбасы бар диск берілгенін, соны ғана зерттегенін айтты. Сонымен қатар оған Qaznews24 парақшасындағы сурет пен жазу скриншоттары да берілген, бірақ сарапшы оларды қарамаған, себебі «онда ештеңе жоқ» деп есептеген.
Сарапшы ән жанрын анықтау да өз құзыретіне кірмейтінін мәлімдеді. Оған қойылған жалғыз міндет – белгілі бір ұлттардың ар-намысына тиетін сөздерді анықтау болған.
Адвокат Балғабаева Зияда Абдулжанованың сараптамасын дәлел ретінде жарамсыз деп тануды сұрады. Оның пікірінше, бұл сараптама «Йоу, орыстар!» әнінің авторына қатысты жеке қылмыстық іс үшін қолдануға болар, бірақ Еңсебекке қатысты қолдануға негізсіз. Алайда судья Қайсина бұл өтінішті қабылдамай, дәлелдер әлі толық зерттеліп, бағаланбағанын айтты.
Қорғау тарапының өтінішімен сот іс материалдарына ресейлік филолог-сарапшы Новожилованың басқа бір сараптамасын қоса тіркеді. Онда Qaznews24 парақшасындағы жарияланым сатиралық сипатқа ие екені жазылған. Сарапшының пікірінше, бұл сатира Тина Канделаки мен ресейлік үгіт-насихат жүргізушілерге бағытталған.
Әзірге үкімнің қай уақытта шығары белгісіз.
Басты беттегі сурет «Тіл кеспек жоқ» телеграм-арнасынан алынды.