Қазақстанда ЛГБТК+ өкілдерінің құқығын қорғайтын «Феминита» бастамасының жетекшілері Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержанды полиция ұстап әкетті. Бұл туралы «Феминита» хабарлады.
Оларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 489-бабы бойынша «тіркелмеген, тоқтатылған не тыйым салынған қоғамдық, діни бірлестіктердің қызметіне басшылық жасады» деген айыппен іс қозғағалы отыр.
Бұл оқиғаға дейін «Феминита» бастамасы адам құқығы жөнінде іс-шара өткізіп жатқан. Бірақ «Қазақстандық ата-аналар одағының» төрайымы Бағила Балтабаева мен жақтастары жиынға кедергі келтіріп, шырқын бұзған. Ұйымдастырушыларға айғайлап, полиция шақырған.
«”Адам құқықтары мектебінің” құқық қорғау жайлы шарасы болып жатқан. Сағат 11:20 шамасында Бағила Балтабай және тағы бес әйел шараға кіріп келді, бәрін телефонға түсіріп, ұйымдастырушыларға тиісті. Нақты неше полиция қызметкері келгенін білмеймін, бірақ даладан бір автозакты, екі патруль машинасын көрдім», – дейді белсенді Гүлбақыт Өтебай.
Белсендінің сөзінше, ұйымдастырушылар мен шара өтіп жатқан қонақ үй әкімшілігі істің мән-жайын түсіндіруге тырысқан, бірақ полиция «бәрін әкетеміз» деп қорқытқан. «Феминита» хабарлауынша, полиция алдымен Гүлзада Сержан мен Жанар Секербаеваны оқиғаға қатысты түсініктеме аламыз әкеткен, бірақ Бостандық ауданындағы полиция бөлімшесіне апарып, әкімшілік іс қозғамақ болған.
Бұл – «Феминита» шараларын тоқтатуға тырысқан бірінші жағдай емес. Былтыр қазан айында да Бағила Балтабаева мен жақтастары ұйымның бірнеше күндік құрылтайын тоқтатып, полицияға «заңға қайшы іс-әрекет жасап жатыр» деп арыз түсірген. «Феминита» тобы 2015 жылдан бері ресми тіркеуге өтініш беріп келе жатыр, бірақ билік түрлі себеппен оны тіркеуден бас тартқан.