Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Румынияда «консерватив көзқарастағы адамдардың үнін өшіру» жөніндегі өтінішті қабылдамағанын мәлімдеді. Румынияда 18 мамырда президенттік сайлаудың екінші кезеңі өтті. Бұл туралы Deutsche Welle жазды.
«Батыс Еуропаның бір үкіметі (қайсы екенін өзіңіз болжаңыз) Telegram-нан Румыниядағы президенттік сайлау қарсаңында консерватив дауыстарды өшіруді сұрады. Мен мұндай талапты үзілді-кесілді қабылдамадым. Telegram румын қолданушыларының еркіндігін шектемейді әрі олардың саяси арналарына тосқауыл қоймайды», — деп жазды Павел Дуров өзінің Telegram-арнасында.
Ол нақты қай ел туралы айтып отырғанын ашып көрсеткен жоқ, бірақ «қайсы екенін болжаңыз» деген сөзіне багет бейнесіндегі эмодзиді қойған. Бұл ишара Францияны меңзейтін болуы мүмкін. Кейінірек кәсіпкер биыл көктемде Францияның Сыртқы барлау басқармасының басшысы Николя Лернерден дәл осындай өтініш алғанын айтты.
«Демократияны қорғау үшін оның өзін бұза алмайсыз. Сайлауға сырттан араласуға қарсы күресе отырып, соған өзіңіз араласуға жол беруге болмайды. Егер сізде сөз бостандығы мен әділ сайлау жоқ болса — онда ештеңе жоқ деген сөз. Румын халқы бұл екеуіне де лайық», — деп жазды Дуров.
Осыған байланысты Франция Румыниядағы сайлауға араласты деген күдікке қарсы мәлімдеме жасады. Францияның Сыртқы істер министрлігі мұндай айыптауларды «ешқандай дәлелсіз» деп атады. Париж румын саясаткерлерін демократияны қорғау үшін жауапкершілік танытуға шақырды.
Контекст
Былтыр 24 тамызда Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Францияда киберқылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталған. Оған «билікпен ынтымақтастықтан бас тартты, балалар порнографиясына, есірткі таратуға қатысты» деген айып тағылды. Бірнеше күннен кейін Дуров Франциядан кетпеуге, үнемі полицияға баруға міндеттеліп, кепілмен босатылды.