OpenAI компаниясы Илон Масктың ұйымды басқаратын коммерциялық емес қорды сатып алу ұсынысын қабылдамады. Бұл туралы TechCrunch хабарлады.
OpenAI директорлар кеңесінің төрағасы Брет Тейлор X желісінде Масктың әрекетін «бәсекелесіне кедергі келтіру амалы» деп атады.
«OpenAI сатылымға қойылған жоқ, сондықтан директорлар кеңесі Маск мырзаның бұл ұсынысын қабылдамайды. Компанияның кез келген қайта құрылуы біздің коммерциялық емес миссиямызды нығайтып, жалпы жасанды интеллектің бүкіл адамзатқа пайдалы болуын қамтамасыз етеді», – деді Тейлор.
The New York Times басылымының хабарлауынша, OpenAI Масктың адвокаты Марк Тоберовқа хат жолдап, ұсыныстың компания миссиясына сай келмейтінін жеткізген. Бұған дейін Масктың xAI стартапы және инвесторлар тобы OpenAI-дің коммерциялық емес қорын 97,4 миллиард долларға сатып алуға ұсыныс жасаған. Алайда OpenAI бас директоры Сэм Альтман мен директорлар кеңесі бұны ресми емес түрде кері қайтарған.
Маск былтыр OpenAI мен оның басшысы Альтманға қарсы сотқа шағым түсіріп, компанияны бәсекелестікке қайшы әрекеттер мен алаяқтыққа барды деп айыптаған еді.
Бастапқыда OpenAI коммерциялық емес ұйым ретінде құрылғанымен, 2019 жылы пайдасы шектеулі компания (capped-profit) үлгісіне көшкен. Яғни коммерциялық емес ұйым OpenAI-дің негізгі басшысы болып қала береді. Алайда қазір OpenAI қайта құрылып, қоғамдық мүддеге негізделген толыққанды коммерциялық компания болуға ұмтылып жатыр. Маск болса, өзінің сотқа берген талап-арызы арқылы бұл өзгерісті тоқтатпақ болған. OpenAI өкілдері Масктың сотта «компанияның қайта құрылуы оның бастапқы миссиясына қайшы келеді» деп мәлімдегенін, бірақ сол арқылы OpenAI-ді басқаруды көздейтінін айтты.
Масктың серіктестері мен Альтман кейінгі аптада бұл ұсыныс төңірегінде бірнеше рет пікір алмасып, бір-біріне қарсы мәлімдемелер жасады. Мәселен Маскты қолдайтын инвесторлардың бірі Ари Эмануэль Альтманды «қайырымдылық пен компанияның бастапқы миссиясын бұзуға тырысып жатқан жалған тұлға» деп атады. Ал Альтман Масктың ұсынысын «OpenAI-ді баяулатудың кезекті айласы» деп бағалап, оның әрекетін «өзінің сенімсіздігінен туған» деп сипаттады.