OpenAI 2030 жылға дейін Microsoft компаниясына бөлетін табыс үлесін азайтады. Бұл туралы TechCrunch The Information порталына сілтеме жасап хабарлады.
Бұл жаңалық OpenAI ұйымдық құрылымын өзгерту жөніндегі жоспарын қайта қарап, жаңа бағыт таңдағаннан кейін белгілі болды. Жаңа жоспар бойынша, компанияның пайда табуға бағытталған бөлімі қоғам игілігі үшін жұмыс істейтін корпорацияға (PBC) айналады, бірақ оны коммерциялық емес ұйымдық бөлім басқарады.
Компаниялар арасындағы келісімге сәйкес, OpenAI өзінің жалпы табысының 20%-ін Microsoft-пен бөлісіп отырады. Алайда The Information жазғандай, OpenAI инвесторларына бұл үлесті 2030 жылға дейін 10%-ке төмендететінін айтқан. Бұл өзгеріс тек Microsoft-қа емес, басқа бизнес-серіктестерге де қатысты.
Microsoft OpenAI-ға ондаған миллиард доллар инвестиция салған. Келісім 2030 жылға дейін жарамды әрі компаниялар табысты бірге бөліседі. Сонымен қатар бұл келісім Microsoft-қа OpenAI-дың зияткерлік меншігін өз ЖИ өнімдерінде қолдануға және OpenAI-дың Azure платформасындағы API-ларына эксклюзив құқық береді.
Bloomberg жазуынша, Microsoft OpenAI ұсынған жаңа ұйымдық құрылымды әзірге мақұлдамаған. Себебі компания бұл құрылымның оның көпмиллиардтық инвестициясын қорғауға кепіл болғанын қалайды. OpenAI мен Microsoft бұл мәселеге байланысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.