noyb: Meta-ның жеке дерек бойынша жаңа саясаты ЕО талаптарын бұзады

Австриялық noyb («none of your business» – «сіздің шаруаңыз емес») жеке деректерді қорғауға маманданған коммерциялық емес ұйым Meta-ның Ирландиядағы бөлімшесіне ресми хат жолдады. Онда ұйым Meta-дан жасанды интеллект (ЖИ) модельдерін үйрету үшін қолданушылардың дерегін келісімсіз жинауды тоқтатуды талап еткен. Егер компания бұл талапты елемейтін болса, құқық қорғаушылар Еуропа одағы елдерінің қолданушыларынан ұжымдық сот шағымын ұйымдастыруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы SecurityLab жазды.

Мәселе Meta-ның Facebook және Instagram-ның ересек қолданушыларының ашық дерегін өз ЖИ жүйелерін оқыту мақсатында пайдаланбақ болғанына қатысты. Компания бұл процесті 2025 жылғы 27 мамырда бастауды жоспарлап отыр.

noyb ұйымының мәліметінше, Meta қолданушылардан нақты келісім (opt-in) сұраудың орнына, «заңды мүдде» (legitimate interest) деген түсінікке сүйеніп, тек бас тартуға мүмкіндік береді (opt-out). Алайда деректерді өңдеу басталмай тұрып қана бас тартуға болады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, мұндай бас тарту процесі ашық емес және ЕО-ның Жалпы деректерді қорғау ережесін (GDPR) бұзады.

Ұйым айтқандай, қолданушылардың 10 проценті өз дерегін беруге келіскен жағдайда, компания ЖИ модельдерін Еуропа елдерінің барлық тіл моделіне үйрете алады. Ал Meta болса, деректерді өңдеуді «өнімдерінде Еуропаның тілдік, географиялық және мәдени әртүрлілігін көрсету» мақсатында жүргізіп жатқанын айтады. Дегенмен noyb мұндай уәждерді технологиялық ілгерілеуді сылтауратып, жеке деректерді кең көлемде жинауға талпыныс ретінде бағалайды.

Ұйым Meta-ның тағы да қоғамдық сынға қарсы тұрып, деректерді «үнсіз келісім» жолымен пайдалануға тырысатынын баса айтты. noyb өзге ЖИ әзірлеушілерінің әлеуметтік желілерден деректер жинамай-ақ сапалы модельдер жасап жатқанын мысал етті.

Ал Meta өз жауабында ұйымның сын-пікірлерімен келіспейтінін мәлімдеді. Компания ЕО қолданушыларына деректерін пайдалануға қарсы шығу мүмкіндігі берілгенін және бұл әрекетінің заңға толық сай екенін жеткізді.

Жақында Бельгияның апелляциялық соты Google, Microsoft, Amazon сияқты ірі технологиялық компаниялар кеңінен қолданатын Transparency and Consent Framework жүйесін заңсыз деп таныған. Сот шешімі бұл жүйенің GDPR нормаларына сай келмейтінін және ашықтық қағидаттарын бұзатынын көрсетті.

noyb-тың айтуынша, ЕО-дағы ұлттық реттеуші органдар әлеуметтік желілердегі деректерді ЖИ үйрету мақсатында пайдалануға қатысты үнсіз отыр. Құқық қорғаушылар мұны Meta-ның әрекеттеріне тосқауыл қойылмауына және миллиондаған адамның құқығының бұзылуына жол ашып отыр деп бағалайды.

Журналист

Factcheck.kz