Науқасқа дұға көмектеспейді — зерттеу

Сан-Паулу қаласында жеке клиникадағы бразилиялық дәрігерлер коронавирус пандемиясы өршіген тұста 2020 жылдың қыркүйегімен желтоқсаны аралығында науқастар арасында қызықты тәжірибе жасаған. Олар науқастарға “дұға көмектесе ме?” деген сұраққа жауап іздеп көрді. Бұл туралы BBC сайты хабарлады.

BBC сайтының жазуынша, эксперимент барысы былай өткен. Біріншіден, COVID-19 анықталған жүздеген науқасты екі топқа бөлген. Екіншіден, ауыр жағдайда жатқан науқастарды тізімге қоспаған.

Сонымен қатар, жеребе нәтижисін, яғни, науқастар да, дәрігерлер де топты қалай бөлгенін білмеген. Ал екі топтағы науқастар “медициналық хаттамаға сәйкес” бірдей ем қабылдаған.

Зерттеу авторларының жазуынша, дәрігерлердің өтінішімен христиан қауымының жетекшілері науқастардың сауығып кетуін тілеп, күніне төрт сағаттан үш мәрте дұға жасаған.

Дәрігерлер дұғаны еркін түрде жасауға болатынын айтқан. Алайда олар “науқастардың өмірін сақтауға қатысты“, “реанимацияға түскен адамдардың аз болуына байланысты“, сонымен қатар, “ауруханаға түскен жандардың аз болуын” тілеуді ұсынған.

Зерттеу авторларының жазуынша, екі топтағы науқастардың клиникалық зерттеу нәтижесі бірдей болған. Ал дұға СOVID-19 салдарынан қайтыс болған адамдарға еш әсер етпеген. Екі топтан бірдей сегіз адамнан қайтыс болған.

Бұған қоса, реанимация бөліміне ауысу, реанимация уақыты және ауруханада болған жалпы уақыты бойынша да аса қатты айырмашылық жоқ. Зерттеу авторларының қорытындысына сәйкес, дұға ем барысында науқастың жазылып кетуіне оң әсерін тигізбейді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz