Мәжіліс депутаты «шетел агенті» туралы заң қабылдауды ұсынды

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова министрлікке жолдаған сауалында «шетел агенті» туралы заң дайындауды ұсынды. Депутаттың сөзінше, Қазақстан ұлттық мүддесін USAID сынды ұйымдардың қызметінен қорғауы қажет.

Смирнова «шетел агенті» туралы заң Израиль, Қытай, Австралия, Ұлыбритания және Францияда бар дейді. Оның айтуынша, елде шамамен 200 үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) шетелден қаржыландырады, оның 70%-ы АҚШ-тан келеді.

Үкіметтің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда гранттарды 165 ұйым бөледі: 53-і – халықаралық ұйымдар, 31-і – шетелдік мемлекеттік ұйымдар және 81-і – шетелдік немесе қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар. Депутат шетелдік қолдауды негізінен бұқаралық ақпарат құралдары, құқық қорғау, демократияны дамыту және азаматтық белсенділікке қатысты жобалар алады деп мәлімдеді.

«Мамандардың өзі деструктивті күшке түспеу үшін шетелден келетін қаржының қайсысы ыңғайлы, ал қайсысына абай болу керегін ажырата алмайды. Бұл – біздің бүкіл қоғамымыз үшін үлкен мәселе әрі сынақ. Қазіргі таңда шетелдік қорлар ешқандай бақылаусыз жұмыс істеп жатыр, ал біз оларға әлі де сақтықпен қарауға мәжбүрміз. Себебі елде бірнеше он жыл бойы қызмет етуі нәтижесінде көптеген азамат солардың құндылығына бейімделіп кетті», – деді Смирнова.

Депутат шетелден қаржы алатын медиалар көбіне Қазақстандағы оқиғаларға сыни көзқараспен қарайтынын және жағымды жаңалықтарды аз жариялайтынын айтты.

«USAID мәселесінде болған жағдай секілді, енді америкалықтардың өзі мемлекет қаржыландыратын медиалардың қоғамға кері әсерін мойындап отыр. Олар мұндай БАҚ-тарды өткен ғасырдың идеологиялық құралдары деп бағалайды. Кез келген адам «Азаттық» сайтына кіріп, осыны өз көзімен көре алады. Онда жаңа мектептердің немесе жолдардың салынуы, жүргізілген реформалар мен қазақстандықтардың жетістігі туралы ешқандай материал жоқ. Бар болғаны – сын мен негатив ақпарат қана», – дейді депутат.

Контекст

Шетелден қаржы алатын жеке және заңды тұлғалардың ашық тізімін Қаржы министрлігі алғаш рет 2023 жылы жариялаған. Бұл тізімге елге танымал медиа тұлғалар, қоғамдық қорлар және шетелдік компаниялар кіретін 240 ұйым мен жеке тұлға енді.

Сол кезде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстандағы бұл тізімнің Ресейдің «шетел агенті туралы» заңымен байланысы жоқ екенін және оның негізгі мақсаты ҮЕҰ қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету екенін айтқан.

Басты беттегі сурет Парламент мәжілісінің телеграм-арнасынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz