MIT инженерлері қаптамадағы затты ашпай тексеретін жүйе жасады

Массачусетс технологиялық институтының (MIT) инженерлері қойма мен өндірістегі сапа бақылауын жеңілдететін жаңа технология ұсынды. mmNorm деп аталатын бұл жүйе қорапты ашпай-ақ, ішіндегі заттың жағдайын анықтай алады. Бұл туралы SecurityLab жазды.

Жүйенің жұмыс принципі ғылыми фантастиканы еске салады: робот картон немесе пластик қаптамаға миллиметрлік толқын (mmWave) жібереді. Бұл толқын ішіндегі затқа шағылып, сенсор арқылы қабылданады. Арнайы алгоритм осы сигналдар негізінде заттың пішінін қалпына келтіреді. Жүйе тіпті көзге көрінбейтін ақауларды, мысалы кесенің сынған тұтқасын алдын ала анықтай алады.

mmNorm 96% дәлдікпен үшөлшемді модель жасай алған. Бұл соған ұқсас жүйелердің (78%) көрсеткішінен әлдеқайда жоғары. Жаңа технология күрделі заттармен де сәтті жұмыс істей алады.

MIT мамандары mmNorm жүйесі қосымша жиілік талап етпейтінін және өндіріс орындарына оңай бейімделетінін айтады. Жүйе қоймада немесе фабрикада өнімді ашпай-ақ, бүтіндігін тексереді. Болашақта бұл технология гуманоид роботтарға да енгізіліп, олар қоймаларда өздігінен бақылау жүргізе алады.

mmNorm – радиолокацияны жетілдіру нәтижесі. Бұрын миллиметрлік толқындар ірі нысандарды жақсы анықтағанымен, шағын заттарды дәл көрсете алмайтын. Бұған басты себеп – сигналдың айна тәрізді шағылуы. MIT инженерлері алгоритмді жетілдіріп, зат бетінің бұрышын есепке алу арқылы бұл мәселені шешкен.

Сынақ кезінде mmNorm жүйесі радар орнатылған робот қол түрінде болды. Ол қаптаманың айналасында қозғалып, заттың нақты 3D моделін құрды.

Инженерлердің айтуынша, бұл жүйе тек өндірісте ғана емес, әлеуметтік салада да пайдалы болуы мүмкін. Мысалы қарттар үйінде шкафтар мен жәшіктерді тексеріп, адамның жеке кеңістігіне қол сұқпай-ақ, заттардың бар-жоғын анықтауға болады.

Журналист

Factcheck.kz