Қазақстандық әндердің Facebook пен Instagram желілерінде заңды түрде қолданылуы үшін Meta компаниясы мен Қазақстан авторлары қоғамы (ҚазАҚ) арнайы келісімге келді. Бұл келісім екі жылға есептелген әрі кейін ұзартуға мүмкіндік бар. «Власть» жазуынша, бұл туралы қоғамның бас директоры Айнұр Есендікова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифиңде хабарлаған.
Ал Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрайымы Шолпан Әбдрееваның айтуынша, министрлік бұл келіссөздерге араласып, Meta мен авторлық құқықты басқаратын ұйымдардың арасында дәнекер болған.
«Meta мен Қазақстан авторлары қоғамы бір мәмілеге келіп, қазақстандық музыканың Instagram мен Facebook-те қолданылуына байланысты келісімге қол қойды. Өткен аптадан бастап контент қайтадан әлеуметтік желілерге жүктеле бастады», – деді ол.
Былтыр күзде қазақстандық музыкалардың басым бөлігі Meta платформаларынан жоғалып кеткен еді. Бұл Meta компаниясының авторларға тым төмен төлем сомасын ұсынғандықтан болды. ҚазАҚ ұсыныспен келіспей, бұған дейінгі келісімнің мерзімі аяқталған.
ҚазАҚ нақты қанша ақшаға келіскенін айтқан жоқ, бірақ жаңа сома Еуропа мен Америка елдеріне берілетін төлемнен әлдеқайда төмен екені белгілі.
Журналист Әділ Балтабаев ҚазАҚ-пен жұмыс істейтін кейбір әншілердің роялти ала алмай жүргеніне шағымданғанын жазды. Сонымен қатар, авторлық кеңестің құқық иелерімен алдын ала келіспей, төлем мөлшерін өз бетінше көтерген шешімін де сынады.