Meta құпия ақпарат таратқан жиырмаға жуық қызметкерді жұмыстан шығарды

Meta компаниясы құпия ақпаратты таратқаны үшін шамамен 20 қызметкерін жұмыстан шығарды. Бұл туралы TechCrunch The Verge басылымына сілтеме жасап хабарлады.

«Қызметкерлер жұмысқа кірген кезде оқтын-оқтын еске салып отырамыз: қандай мақсатта болса да, ішкі ақпаратты тарату — біздің саясатымызға қайшы. Жақында жүргізілген тергеу нәтижесінде компанияның құпия мәліметтерін сыртқа таратқаны үшін шамамен 20 қызметкер жұмыстан шығарылды. Бұл оқиғаны өте маңызды деп санаймыз әрі ішкі ақпараттың тарағанын анықтаған сайын шара қолдануды жалғастырамыз», — деп мәлімдеді Meta.

Бұл шешім Meta-ның ішкі жиналыстары мен әлі жарияланбаған өнім жоспарлары туралы мәліметтер сыртқа шығып кетуіне байланысты қабылданды. Олардың ішінде Meta бас директоры Марк Цукерберг қатысқан кейінгі жалпы жиналыстың мәліметтері де бар.

Ақпарат тараған соң, Meta қызметкерлерге ескерту жасап, құпия мәліметтерді жариялағандар жұмыстан шығарылады деп ескерткен.

Алайда бұл ескертулер де көп ұзамай сыртқа тарап кеткен. Ал Meta-ның бас техникалық директоры Эндрю Босворт компанияның кінәлілерді анықтауға сәл қалғанын айтқан.

Контекст

Бұған дейін Meta корпорациясы физикалық жұмыстарды атқаратын роботтар жасайтын жаңа команда құрып жатқанын жазған едік. Бұл команда Reality Labs бөлімшесінің құрамында жұмыс істейді және тұрмыстық істерді орындай алатын гуманоид роботтардың құрылғыларын әзірлеуге жауапты болады.

Журналист

Factcheck.kz