Мексика президенті Клаудия Шейнбаум Google компаниясын сотқа бергенін мәлімдеді. Себеп – компанияның АҚШ қолданушылары үшін Google Maps картасында Мексика шығанағын «Америка шығанағы» деп көрсетуі. Бұл туралы The Verge CBS News басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Шейнбаум бұл сот ісі компанияға ақпанда жолдаған ескертуінің заңды жалғасы екенін айтты. Ол кезде Мексика үкіметі Google-ды картаны түзетуге шақырған, әйтпесе сотқа жүгінетінін хабарлаған. Google компаниясы Мексика қолданушылары үшін «Мексика шығанағы» атауын қалдырғанымен, басқа елдерде «Мексика шығанағы (Америка шығанағы)» деп көрсетіп келген.
«Біз қандай да бір штаттың, тау немесе көлдің атын өзгертіңдер деп айта алмаймыз. АҚШ өз аумағындағы бөлікті қалай атаса да – өз еркі. Бірақ Мексика аумағына тиесілі бөлікті немесе Кубаға қарасты аумақты өзгертуге құқығы жоқ. Сол себепті біз Google-ға “АҚШ үкіметі бекіткен шекте ғана қал” деп отырмыз», – деді президент Шейнбаум.
Бұл мәлімдемеге дейін Мексика үкіметі Google-ға ресми хат жолдап, елдің аймақтық сулары «Америка шығанағы» деп аталмауға тиіс екенін ескерткен. Шейнбаум Google компаниясының үкіметтік және қоғамдық саясат жөніндегі вице-президенті Крис Тернерден келген жауапты да бөлісті. Онда компанияның өз шешімін өзгерту жоспары жоқ екені айтылған.
Дональд Трамп әкімшілігі «Америка шығанағы» атауын үкіметтік емес ұйымдар да қолдануын талап еткен. Тіпті Associated Press агенттігі бұл атауды репортаждарында қолданбағаны үшін Ақ үйдегі брифиңдерге қатысу құқығынан айырылған. Алайда бұл тыйымды федералдық сот заңсыз деп танып, алып тастауды бұйырды.
Технологиялық компаниялар арасында Трамптың талабын алғаш орындағандардың бірі — Google. Компания 10 ақпанға дейін Google Maps қосымшасы мен браузерлік нұсқасында шығанақтың атауын өзгертіп үлгерген. Кейін Apple де осы өзгерісті енгізді. Ал MapQuest атауды ауыстырмады, бірақ жаңа атаумен әзілдеген арнайы сайт ашты.