Илон Маск Tesla компаниясының кірісі құлдырауына байланысты мамырдан бастап Трамптың мемлекеттік тиімділік департаментінде (DOGE) жұмысын қысқартатынын айтты. Бұл туралы Deutsche Welle бірқатар америкалық басылымға сілтеме жасап хабарлады.
Associated Press жазуынша, Маск Tesla инвесторлары мен талдаушыларына Трамп әкімшілігіне «аптасына бір-екі күн» уақыт бөлуді жоспарлап отырғанын айтқан.
Бұған дейін Tesla жариялаған тоқсандық есеп бойынша, компанияның кірісі өткен жылмен салыстырғанда 71%-ке, ал автокөлік сатудан түскен пайда 20%-ке төмендеген. NPR хабарлағандай, бұл – Tesla тарихындағы тоқсандық ең үлкен құлдырау. Медиа бұған Демократиялық партия жақтаушыларының электромобильдерге сұранысы күрт төмендеуі себеп болған дейді. Өйткені демократтар республикашылдарға қарағанда электромобильді жиі алатын.
Ал Маск «егер макроэкономикалық факторларды ескермесек, сұраныс төмендеген жоқ» деп мәлімдеді. Ол компанияның ұзақ мерзімді пайдасы тек электромобильдерді сатуға тәуелді емес деп айтты.
Контекст
Илон Маск басқаратын мемлекеттік тиімділік департаменті (DOGE) Трамптың жарлығымен құрылған. Бұл пайдасыз шығындарды азайтуды және федералды агенттіктерді қайта құруды көздейді. Бұған дейін Демократиялық партияны жақтайтындар Маск өкілетін асыра пайдаланып отыр деп сынаған.