Күнге күю безеу кетіруге көмектесе ме?

Әлеуметтік желіде күнге күю, күннің астында ұзақ жату терідегі безеуді (акне) емдеуге көмектеседі деген пікір тарады. Бұл пікірді солярий қызметін ұсынатын орталықтар да қолдайды, ал кей қолданушылар күнге күюдің терісіне оң әсер еткенін айтып, жеке тәжірибесімен бөліседі. «Проверено» басылымы бұл кеңестің рас-өтірігін анықтап көрді.

Акне қалай пайда болады?

Акне – терінің қабынуы. Әдетте ол бетте, арқада немесе кеуде тұсында түрлі бөртпелер, қара нүктелер мен қабынған нүктелер ретінде шығады. Оған тері жасушаларының тым белсенді бөлінуі, май бездерінің артық жұмыс істеуі, Propionibacterium acnes деп аталатын бактерияның көбейіп кетуі себеп болады. Осы үшеуі бірігіп, тері тесіктерінде артық май мен бактерия жиналып, безеуге алып келеді.

Күн сәулесінің әсері қандай?

Күнге қыздырыну кезінде тері ультракүлгін сәуленің әсеріне ұшырайды, ал терінің күюі — оның осы сәуледен қорғану реакциясы. Ағза теріні зақымданудан қорғау үшін меланин деген пигмент бөліп шығарады. Бұл зат ультракүлгін сәулені сіңіруге қабілетті.

Ультракүлгін сәуле терінің түсін ғана өзгертіп қана қоймай, оны құрғатады. Дегенмен адам ағзасы тері майын жайдан-жай шығармайды, оның негізгі қызметтерінің бірі — теріні ылғалдандыру және қорғау. Егер күн теріні шамадан тыс құрғатып жіберсе, безеулер уақытша кебуі мүмкін, бірақ май бездері бұл «шығынды» өтеу үшін бұрынғыдан да белсендірек жұмыс істей бастайды. Нәтижесінде, тері бұрынғыдан да майлы болып, акне одан әрі асқынуы мүмкін.

Сондықтан мамандар майлы теріге ылғалдандыратын крем қолдануға кеңес береді. Оған қоса, теріде акнеден қалған дақтар (гиперпигментация) болса, күн сәулесі оларды күшейтіп, қара дақтар айқынырақ бола түседі.

Көп жерде күн сәулесінің бактерияларды жоятыны айтылады. Бұл ішінара рас, себебі арнайы бактерицидті ультракүлгін-лампалар шынымен де медицинада зарарсыздандыру үшін қолданылады. Бірақ күн сәулесі мен сол лампалардың әсері бірдей емес.

Күн сәулесіндегі ультракүлгін сәулелер үшке бөлінеді:

  • UVA (320–400 нм) – ұзын толқынды
  • UVB (280–320 нм) – орташа
  • UVC (100–280 нм) – қысқа толқынды, бактерицидтік әсері ең күшті, бірақ бұл сәулені атмосфера толығымен ұстап қалады, жерге жетпейді.

Дегенмен ұзақ уақыт бойы күн астында болу терінің күйіп қалуына және тіпті тері обыры сияқты күрделі ауруларға әкелуі мүмкін.

Ал D витамині ше?

Акнесі бар адамдарда көбіне D дәруменінің жетіспеушілігі байқалады. Күн сәулесі бұл дәруменнің түзілуіне ықпал етеді. Бірақ мамандар күнге күю арқылы емес, бұл дәруменді тағам арқылы немесе қосымша қабылдауды әлдеқайда қауіпсіз әрі тиімді әдіс деп есептейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айтуынша, D дәруменін алу үшін күнде 5–15 минуттық серуеннің өзі жеткілікті.

Күн сәулесі мен жарық терапиясы

Күн сәулесі тек ультракүлгін емес, адам көзімен көрінетін спектрдегі сәулелерді де қамтиды (көк, қызыл, т.б.). Косметологияда дәл осы қызыл және көк жарық жарықдиодты терапия үшін қолданылады, ол тері ауруларын, соның ішінде акне мен тері қартаю белгілерін емдеуде көмектеседі. Бұл процедура кезінде ультракүлгін сәуленің зияны барынша азаяды, ал емдеу қауіпсіз болады. Дегенмен бұл тәсілдің ұзақ мерзімді әсеріне қатысты зерттеулер әлі жеткіліксіз.

Фактчекерлер қандай қорытындыға келді?

Кей адамдарда күн сәулесіне аллергия бар. Бұл жағдай кез келген жаста пайда болуы мүмкін. Аллергиялық реакция бөртпе, қызару, қышыну, тіпті ісік түрінде көрінеді. Егер SPF-қорғаныс құралын қолданбасаңыз немесе оны дұрыс пайдаланбасаңыз, тері күйіп, бұл кейін онкологиялық ауруларға себеп болуы мүмкін.

«Проверено» жазғандай, күнге күю акнені емдеудің тиімді немесе қауіпсіз жолы емес. Керісінше ультракүлгін сәуленің әсері безеуді асқындырып, теріге ұзақ мерзімді зиян келтіруі мүмкін. D дәрумені мен жарықтың пайдалы әсерін басқа, қауіпсіз жолдармен алуға болады. Сондықтан акнеге қарсы күресте күнге күюге сеніп, теріні қауіпке тіккен дұрыс емес.

Журналист

Factcheck.kz