Қырғызстан билігі жалған ақпарат таратқандарға әкімшілік жаза енгізбек. Министрлер кабинеті «Құқықбұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, оны жақында Жогорку Кенешке (ҚР парламенті – ред.) ұсынды. Бұл туралы 24kg хабарлады.
Заң жобасында әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және бұқаралық ақпарат құралдарында жалған ақпарат таратқан азаматтарға жаза қолдану қарастырылған.
Министрлер кабинеті әкімшілік кодекске 1093-бапты — «Жалған ақпарат тарату» туралы толықтыру енгізуді ұсынды. Шенеуніктердің пікірінше, мұндай фейктер қоғамдық тәртіпке, азаматтардың, ұйымдардың құқығына немесе мемлекеттік мүдделерге қауіп төндіруі мүмкін. Бұл әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке жатпайтын жағдайда әкімшілік жаза қолданылады.
Айыппұл мөлшері: жеке тұлғаларға — 200 есептік көрсеткіш (20 мың сом немесе 111 мың теңгеден аса), заңды тұлғаларға — 650 есептік көрсеткіш (65 мың сом немесе 363 мың теңгеден аса). Алайда ақпараттың фейк екенін кім анықтайтыны әзірге белгісіз.
Басылымның мәліметінше, 2025 жылғы 31 қаңтарда Қырғызстан президенті интернеттегі қорлау мен жала жабуға қатысты айыппұл салуды көздейтін заңға қол қойды. Бұл құжат 10 ақпанда күшіне енді.
Қазақстанда не болып жатыр?
Былтыр қыркүйекте Ranking.kz «Онлайн платформалар мен онлайн жарнама туралы» заңының нәтижесін жариялады. Басылым алғаш рет тіркелген құқықбұзушылықтар туралы дерек ұсынып, заңның басты жаңалығы — барлық қолданушының жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
Бұл әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы фейк ақпарат тарату, блогерлердің немесе БАҚ-тың онлайн-арналарында жалған ақпаратпен пікір жазуға қатысты. Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінде осыған байланысты жеке бап енгізілді (456-2-бап «Жалған ақпаратты орналастыру және тарату»). Сонымен қатар, Қылмыстық кодексте де әдейі жалған ақпарат таратуға қатысты 274-бап бар.
Контекст
2023 жылы әлеуметтік желілер мен Telegram-арналарда Қырғызстанның Сокулук ауылында аптап ыстықтың әсерінен бағдаршам еріп кеткені туралы ақпарат тарады. Бұл мәлімдемені растау үшін бүлінген құрылғының суреттері де жарияланған. Factcheck.kg фотоның рас-өтірігін тексерді.