ҚНРДА жалған «инвестициялық платформалар» туралы ескертті

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) интернетте алаяқтар белсенді болатынын айтып, қазақстандықтарға сақ болуға кеңес берді. Кейінгі уақытта жиі кездесетін тәсілдердің бірі – жалған инвестициялық платформаларды жарнамалау. Мемлекеттік орган алаяқтықты қалай тануға болатынын жариялады.

Жалған инвестициялық платформалар деген не?

Бұл – сенгіш азаматтарды алдау үшін құрылған схема. Алаяқтар танымал компаниялардың немесе ірі банктердің ресми сайтына ұқсайтын жалған сайттар жасайды. Әлеуметтік желілерде белсенді жарнама арқылы мұндай «жобалар» аз уақыт ішінде жоғары табысқа қол жеткізуге уәде береді, кейде тіпті ең аз мөлшердегі салыммен-ақ пайда табуға болатынын айтады.

Көп жағдайда мұндай жазбалардың астында «инвесторлардың» жалған жағымды пікірі жарияланады. Видеоларда нейрожелілердің көмегімен жасалған танымал тұлғалардың бейнесі қолданылады. Мұндағы басты мақсат – сенімге кіру және адамдарды ақша салуға көндіру.

Жалған платформаның белгілері қандай?

Мынадай белгілер жиі кездеседі:

  • Ресми емес аккаунттардан жарнама тарату;
  • Ресми сайттың орнына бейтаныс сілтеме жіберу;
  • «Кепілді» жоғары табысқа уәде беру;
  • Жедел әрекет етуге итермелеу;
  • Қосымшаны App Store немесе Google Play арқылы емес, басқа жолмен жүктеуді талап ету.

Кеңестер:

  • Қаржы ұйымдарының лицензиясын ҚНРДА-ның ресми сайтынан тексеріңіз.
  • Банк немесе компанияның ресми сайтында расталмаған жарнамаға сенбеңіз.
  • Платформа толық тексерілгенге дейін жеке мәліметтеріңізді немесе ақша аудармаңыз.

Контекст

Жыл басында Factcheck.kz редакциясы «қос қулық» схемасы туралы жазған еді, яғни өзін брокер не қаржы кеңесшісі ретінде көрсететін инвестициялық алаяқтар туралы және кейін «ақшаны қайтарып береміз» деп уәде беретін жалған заңгерлердің әрекеті жайлы. Олар алаяқ-брокерлердің қолына түскен қаражатты қайтарып береміз деген сылтаумен адамдарды екінші рет алдайды.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz