Үндістан билігі барлық пәкістандық контентке тыйым салды

Үндістанның Ақпарат және радиохабар министрлігі барлық онлайн-платформаға, оның ішінде стримиңдік сервистерге, әлеуметтік желілерге және мессенджерлерге Пәкістанға қатысты кез келген контентті бұғаттау жөнінде ресми нұсқау берді. Бұл туралы SecurityLab жазды.

Бұл шешім сәуірде Кашмирде болған терактан кейін қабылданды. Үндістан билігінің дерегінше, шабуылды Пәкістан қолдайтын содырлар ұйымдастырған, салдарынан 26 турист қаза тапқан. Осы оқиғадан соң билік IT ережелері бойынша «ел қауіпсіздігі мен мемлекетаралық қатынастарға» қауіп төндіретін контентке тыйым салуды бастады.

Министрліктің хабарлауынша, енді Пәкістанға қатысты кез келген уеб-сериал, фильм, ән, подкаст, тіпті спорттық бейнематериалдар, әлеуметтік желідегі Reels форматындағы жазбалар да бұғатталуы мүмкін. Платформалар тыйым салынған материалдардың жариялануына жол бермеуі керек. Демек контентті бақылау қолданушылардың жазбасына да қатысты болады деген сөз.

Үнді билігі бұл әрекетін ұлттық қауіпсіздік десе, Amnesty International сынды халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл шешімді сөз бостандығы мен жеке өмірге қол сұғу деп санайды. Хабарлама онлайн-платформалар мен оларды реттейтін бірлестіктерге де жолданған. Оны министрлік ішіндегі «уәкілетті орган» мақұлдаған, сондықтан орындауға міндетті құжат болып есептеледі.

Журналист

Factcheck.kz