Ұлттық банк жалған мобильді қосымшалар мен фейк парақшалар жөнінде ескертті

Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарды алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырды. Ведомствоның ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, алаяқтар жалған құжаттар мен деректерді, фейк мобильді қосымшалар мен әлеуметтік желідегі парақшаларды пайдаланады.

Қаскөйлер өзін Ұлттық банктің, мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарының, екінші деңгейлі банктердің, ұялы байланыс операторларының не коммуналдық қызметтердің өкілі ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен азаматтарға хабарласып, жалған құжаттар мен есепшот деректерін жолдауы мүмкін.

Сонымен қатар олар SMS-хабарламалар мен растау кодтарын жіберуді, белгісіз сілтемелерге өтуді, зиянды қосымшалар жүктеуді немесе мессенджерлерде жаңа функцияларды қосуды сұрауы мүмкін. Мұның бәрі мобильді құрылғыға қол жеткізу үшін жасалады.

«Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарды аса мұқият болуға және кез келген қоңырау, сұрау, хат не хабарламаның шынайылығына көз жеткізбей, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, белгісіз бағдарламаларды орнатпауға және бөгде адамдардың есепшотына ақша аудармауға шақырады», – делінген хабарламада.

Оған қоса, Ұлттық банк мына жайттарды ескертті:

  • Ұлттық банк қызметкерлері аудио немесе бейнеқоңырау жасамайды;
  • жеке тұлғалардың есепшотын жүргізбейді;
  • қандай да бір инвестициялық қорларға немесе қаржы өнімдеріне салым ұсынбайды;
  • халықтың ақшасын сақтандырмайды және онымен тікелей қаржылық операциялар жүргізбейді.

Ұлттық банк алаяқтыққа тап болған азаматтарға құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынды.

Контекст

Ұлттық банктің антифрод-орталығы 10 ай ішінде 63 мыңнан астам алаяқтық әрекетті тіркеп, жалпы сомасы 2,5 млрд теңгені құрайтын күмәнді транзакциялардың жолын уақытында кескен.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы фактчекинг. Орталық Азиядағы алғашқы фактчекинг ресурсы. 2017 жылдың мамыр айында ашылған. Халықаралық фактчекинг ұйымдар желісінің (IFCN) мүшесі.

Factcheck.kz