Ішкі істер министрлігі (ІІМ) кейбір санаттағы сотталған әйелдерге амнистия беруді қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы «Власть» басылымы хабарлады.
«Амнистия туралы заңды қолдану мәселесі әлі де тұжырымдамалық деңгейде. Қазіргі уақытта 6 399 әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеп жатыр. Оның 2 692-сі бас бостандығынан айырылса, 3 707-і шартты түрде сотталған», – деп хабарлады министрлік.
ІІМ мәліметінше, жеңіл және орташа ауыр қылмыс жасаған 1 220 әйел жазадан босатылуы мүмкін.
«Жалпы 2 002 әйел күш қолданбай жасаған қылмыстары үшін сотталған. Оның ішінде 1 766 әйел бірінші рет қылмысқа барса, ал 150-і жеңіл немесе орташа дәрежедегі құқық бұзушылықтар бойынша жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 5055 әйелдің жаза мерзімін жеңілдету қарастылып жатыр», – деп толықтырды министрлік.
Министрлік амнистия мәселесін қарастырғанда тек қылмыстың ауырлығын ғана емес, сотталғандардың әлеуметтік жағдайын да ескеру қажет дейді. Бүгінде жазасын өтеп жатқан әйелдер қатарында 29 мүгедектігі бар әйел, 60 жастан асқан 243 әйел, 13 жүкті әйел, үш жасқа дейінгі балалары бар 58 әйел және 226 көпбалалы ана бар.
«Қазіргі таңда 3 910 сотталған әйелдің жазасын жеңілдету қарастырылып жатыр. Оларды түрмеге қамаудың орнына балама жаза түрлерін қолдану ұсынылмақ. Алайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына сәйкес, заң мен сот алдында барлық азамат тең. Ешкім жынысына байланысты кемсітушілікке ұшырамауға тиіс», – деп атап өтті ІІМ. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топқа жататын 920 ер адам да қылмыстық жаза өтеп жатқанын айта кетейік (оның ішінде І және ІІ топ мүгедектері, мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар, зейнеткерлер және толық емес отбасылардың мүшелері бар).
Бұдан бөлек, алғаш рет сотталғандар мен күш қолданбай жасаған қылмысы үшін сотталғандарға қатысты амнистияны қарастыру кезінде жәбірленушілердің құқығы да ескеріледі. Мұндай шешімге кейбір азаматтар наразы болуы мүмкін және рақымшылыққа ілінгендердің қайта қылмыс жасау қаупі бар.
Дегенмен екі мыңнан астам әйелдің босатылуы бюджетке күн сайын 5,8 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді, ал жылдық есеп бойынша бұл сома 2,1 млрд теңге болуы мүмкін (бір сотталушыға жұмсалатын күнделікті шығын – 2 900 теңге).
Бұған дейін мәжіліс депутаттары ІІМ-ге сотталған әйелдерге амнистия жариялау туралы сауал жолдаған. Депутаттар бұл қадам қиын жағдайға тап болған әйелдерге өмірін қайта дұрыс жолға бұруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Депутаттардың мәліметінше, қазіргі уақытта 2 336 әйел бас бостандығынан айырылған, олардың жартысы – ана, ал 250-і көпбалалы аналар. Сонымен қатар, 1 500-ден астам бала анасынан айырылған, ал 100-ге жуық сәби балалар үйіне жіберілген.
Мәжілісмендер амнистияны зорлық-зомбылық жасамаған әйелдерге, жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар аналарға, көпбалалы аналарға, алғаш рет сотталған әйелдер мен 60 жастан асқан әйелдерге қолдануды ұсынды.
Олардың пікірінше, амнистия түремедегі адам санын қысқартып, балалар үйіне түсетін жүктемені азайтады әрі әлеуметтік шиеленісті төмендетіп, қылмыстық саясатты гуманизациялаудың маңызды қадамы болмақ.