Әділет министрлігі тегін заңгерлік кеңес беретін чат-бот енгізбек

Әділет министрлігі азаматтарға онлайн форматта құқықтық кеңес беруді қолға алмақ. Бұл туралы «Власть» министр Ерлан Сәрсембаевқа сілтеме жасап хабарлады.

«Азаматтардың тегін құқықтық кеңес алу механизмі әзірленіп жатыр. Қазіргі уақытта мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында азаматтар адвокаттар мен заңгерлік кеңесшілерге жүгінеді. Осы процесті жеңілдету үшін үйден шықпай-ақ кеңес алуға мүмкіндік беретін чат-бот енгізу ұсынылады», – деді Сәрсембаев.

Сонымен қатар, «Е-нотариат» жүйесінде жеке кабинет ашу үшін биометриялық сәйкестендіруді енгізу жоспарланып отыр. Министр талап қоюшы мен борышкерге «Жеке кабинет» арқылы қарсылық білдіруге немесе қарызды уақтылы өтеуге мүмкіндік берілетінін айтты.

«Атқарушылық жазба орындалғаны туралы тараптарға SMS-хабарлама жіберу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл жобаның нәтижесін көріп отырмыз. Мысалы, нотариустар борышкерлерге атқарушылық жазба орындалғаны туралы хабарлама жібереді, ал борышкер қарызы бар екенін біліп, оны дер кезінде төлейді», – деп түсіндірді министр.

Бұдан бөлек, мәжбүрлеп орындауға қатысты халықтан көптеген шағым түсіп жатыр. 2024 жылы олардың саны 89 мыңға жеткен.

Азаматтардың жүйеге деген сенімін қалпына келтіру үшін робот-сот орындаушы арқылы өндіріп алу сомасын 20-дан 40 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін ұлғайту жоспарланып жатыр. Сондай-ақ, «Талап қоюшы мен борышкердің жеке кабинетіне» «цифрлық ассистент» енгізу арқылы жүйені жетілдіру көзделіп отыр.

Министрдің айтуынша, жаңартылған жүйе талап қоюшы мен борышкерге сот орындаушысының қандай жұмыстар атқарғанын немесе қандай әрекеттерді орындауы керегін көруге мүмкіндік береді.

Журналист

Factcheck.kz