2025 жылғы мамырдан бастап жасанды интеллект саласындағы жетекші америкалық ұйым — ChatGPT жүйесін жасаушы OpenAI компаниясы шартты түрде салықтық тіркеуден өтті. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлағандай, бұл жаһандық цифрлық платформалармен өзара іс-қимылды жетілдіру аясында болып отыр. Бұл туралы «Власть» хабарлады.
«Енді Қазақстан аумағындағы жеке тұлғаларға қызмет көрсеткені үшін бұл чат-бот еліміздің салық заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын (ҚҚС) төлейді», – деп мәлімдеді комитет өкілдері.
Қазақстанда 2022 жылдан бастап цифрлық қызметтерге салық салу тәртібі енгізілген. Көпшілікке «Google салығы» ретінде белгілі бұл шара қазақстандық нарықта жұмыс істейтін трансұлттық IT-компанияларды әділ салық салу жүйесіне тарту мақсатында қабылданған.