Қазақстанда жасанды интеллект жүйелері қауіп деңгейіне қарай жіктеледі. Бұл талап Мәжілісте таныстырылған «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы мен оған енгізілетін өзгерістерде көрсетілген. Бұл туралы «Власть» басылымы хабарлады.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, қауіпсіз деп танылған жүйелер нарықта еркін дамиды. Ал орташа және жоғары қауіп деңгейіне жататын жүйелер заң аясында реттеледі.
«Бұлар – адам өмірі мен денсаулығына, мемлекеттік басқаруға және маңызды шешімдер қабылдауға әсер ететін жүйелер. Сондықтан оларды бақылау үшін арнайы механизмдер қарастырылған», – деді депутат.
Заң жобасына сәйкес, Қазақстанда адамсыз шешім қабылдайтын жасанды интеллект жүйелерін жасауға және пайдалануға болмайды. Бұл бақылаусыз салдардың алдын алу үшін енгізіліп отыр. Құжатта ұлттық жасанды интеллект платформасын құру жоспарланып отырғаны да айтылады.
«Әлем елдері жасанды интеллекті дамыту үшін қомақты қаржы бөліп жатыр. Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалмайды – мемлекет ұлттық ЖИ платформасын әзірлеуге және дамытуға инвестиция салады», – деді депутат.
Заң жобасы ЖИ жүйесін жасаушылар мен иелерін қолданушыларға жасанды интеллектпен әрекеттесіп жатқанын ескертуге міндеттейді. Сонымен бірге олар жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндіруге жауапты болады.
Құжатта жеке мәліметтерді қорғау және жасанды интеллектің адамдардың мінез-құлқына әсер етуіне шектеу қою туралы да айтылған. Мәселен жасанды интеллектің адамдарды әлеуметтік, биометриялық және мінез-құлық сипаттамаларына қарай бағалауына тыйым салынады, адамның ойлауына немесе әрекетіне ықпал ете алатын ЖИ жүйелерін жасау мен пайдалануға шектеу қойылады.
Контекст
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын және оған енгізілетін өзгерістерді талқылаған. Депутат Екатерина Смышляева заң жобасының негізгі тұстарын түсіндіретін құжатты жариялады. Оған сәйкес, ЖИ жүйелерін үш топқа бөлу жоспарланып отыр: көмекші (ассистенттер), жартылай автономды және толық автономды жүйелер. Толық автономды жүйелер – алдын ала берілген нұсқауларға тәуелсіз шешім қабылдайтын және иесінің бақылауына көнбейтін жүйелер. Қазақстанда мұндай технологияларды жасауға және пайдалануға тыйым салынбақ.