Қазақстан Жасанды интеллект жөніндегі жаһандық әріптестікке қосылуы мүмкін

Парижде жасанды интеллект бойынша әлемдік саммит өтіп жатыр. Қазақстан делегациясын Франция президенті Эммануэль Макронның шақыруымен Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бастап барды. Ол өз баяндамасында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект жөніндегі жаһандық әріптестікке (GPAI) қосылуға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға Канада премьер-министрі Джастин Трюдо, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) бас хатшысы Матиас Корман, сондай-ақ 44 елдің өкілі қатысты.

Кездесуде не талқыланды?

Халықаралық кездесудің басты ұстанымы – ЖИ артықшылықтарын барлық елге қолжетімді ету әрі оның ықтимал қауіптерін азайту. Кездесуде GPAI-дің ЭЫДҰ-ның жасанды интеллектке қатысты ұсыныстарын жүзеге асыру жұмысы талқыланды. Оған қоса, жасанды интеллектің еңбек нарығына және қоршаған ортаға әсерін зерттеу, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қолдау, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және ЖИ саласындағы инновацияларды ынталандыру, технологияларды дамыту үшін деректерге қолжетімділікті жақсарту және жауапты алмасу механизмдерін енгізу мәселелері айтылды.

GPAI дегеніміз не?

Жасанды интеллект жөніндегі жаһандық әріптестік (GPAI) – жасанды интеллекті жауапкершілікпен дамыту әрі қолдануға бағытталған халықаралық бастама. Ол адам құқықтарын сақтау және демократиялық құндылықтарды ұстану қағидаттарына негізделген. Бұл әріптестікті алғаш рет 2018 жылы G7 саммитінде Канада мен Франция ұсынып, 2020 жылдың маусымында ресми түрде жариялады.

GPAI құрамына үкімет өкілдері, бизнес, азаматтық қоғам және ғылыми қауымдастық мүшелері кіреді, олар ЖИ мүмкіндіктері мен қатерлерін бірлесіп зерттеуге атсалысады.

Контекст

2024 жылы Қазақстан үкіметі экономика салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізуге арналған стратегиялық құжат қабылдады. Бұл даму тұжырымдамасы 2024-2029 жылдарды қамтиды.

Журналист

Factcheck.kz