Италиялық Il Foglio газеті әлемдегі толығымен жасанды интеллект (ЖИ) дайындаған алғашқы нөмірді шығарды. Бұл туралы The Guardian жазды.
«Консерватив-либерал бағыттағы күнделікті Il Foglio басылымының бұл бастамасы – журналистикадағы эксперименттің бір бөлігі. Оның мақсаты – ЖИ технологиясының қазіргі журналистикаға және жұмыс тәсілдеріне ықпалын көрсету», – дейді газеттің бас редакторы Клаудио Чераза.
Төрт беттік Il Foglio AI өткен аптадан бастап газет дүңгіршектерінде, онлайн түрде сатыла бастады.
Черазаның айтуынша, мәтіндерді толығымен ЖИ жазған. Ал журналистер тек ЖИ қызметтеріне сұрақ қойып, жауаптарды оқыған.
Il Foglio AI-дың басты бетінде АҚШ президенті Дональд Трамп туралы мақала жарияланған. Материалда италиялық трампшылардың «бас тарту мәдениетін» (cancel culture) сынауы талқыланады. Сонымен қатар бірінші бетте Ресей президенті Владимир Путиннің келісімдері туралы авторлық баған да бар.
Газетте Италия экономикасы жөнінде де мақала жарияланған. Онда ұлттық статистика агенттігінің соңғы есебіне сәйкес табыстың қайта бөлінуі мен елдің өзгеріп жатқаны баяндалады. Материалда өзгерістердің оң бағытта екені және 750 мыңға жуық жұмысшы жалақысының өсуі салық реформаларының жағымды әсерінің бірі екені айтылған.
Ал келесі бетте еуропалық жастардың тұрақты қарым-қатынастан бас тартып жатқаны туралы жазылған. The Guardian жазуынша, жарияланған материалдардың құрылымы анық әрі түсінікті, грамматикалық қателер жоқ. Дегенмен мәтіндерде адамдардың айтқан сөзі қолданылмаған.
Контекст
Италиялық басылымның эксперименті The Guardian тәжірибесін еске салады. 2020 жылы The Guardian редакциясы GPT-3 мәтін генерациялау алгоритміне 500 сөзден тұратын мақала жазуды тапсырған. Тақырып адамдар жасанды интеллектен неге қорықпау керегі туралы. GPT-3 өз мақаласында адамзатты жою ниеті жоқ екенін түсіндіріп, адамдардың роботтарға көбірек сенуі қажет екенін жазды. Сол уақыттан бері ЖИ технологиялары айтарлықтай дамып, бес жыл бұрынғы эксперимент қазір қалыпты нәрсеге айналды.