Испания үкіметі жасанды интеллектпен (ЖИ) жасалған контентті арнайы таңбасыз пайдаланған компанияларға қомақты айыппұл салатын заң жобасын қабылдады. Құжат дипфейктерді қолдануды шектейді. Бұл туралы Cybernews хабарлады.
Заң жобасы Еуроодақтың ЖИ туралы заңындағы қағидаларға сүйенеді. Онда жоғары қаупі бар деп саналатын ЖИ жүйелерінің ашық болуы бойынша қатаң міндеттемелер бар. Бұл туралы Испанияның цифрлық трансформация министрі Оскар Лопес мәлімдеді.
«ЖИ — өмірімізді жақсартуға және керсініше жалған ақпарат таратып, демократияға шабуыл жасауға қолдануға болатын күшті құрал», – деді ол.
Испания — ЕО елдері арасында жасанды интеллекті реттеу үшін қатаң ережелерді енгізе бастаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Бұл ережелер АҚШ-тағы ерікті түрде сақталатын және әр штаттың өзіндік заңдарына негізделген жүйеге қарағанда әлдеқайда түбегейлі деп бағаланады.
Заң жобасы бойынша, жасанды интеллект көмегімен жасалған контентке арнайы таңба қоймаған компаниялардың әрекеті «үлкен заң бұзушылық» боп саналады. Мұндай жағдайда компанияларға 35 миллион еуроға (38,2 миллион доллар) дейін немесе жылдық табысының 7%-ына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Жаңа ережелердің орындалуын ЖИ қадағалау агенттігі (AESIA) бақылайды. Алайда жеке деректердің құпиялылығы, қылмыстық істер, сайлау, несие рейтиңі, сақтандыру немесе қаржы нарықтары сияқты салаларға басқа органдар жауапты болады.
Контекст
Жақында Мәжіліс депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын және оған енгізілетін өзгерістерді талқылады. Депутат Екатерина Смышляева заң жобасының негізгі тұстарын түсіндіретін құжатты жариялады. Оған сәйкес, ЖИ жүйелерін үш топқа бөлу жоспарланып отыр: көмекші (ассистенттер), жартылай автономды және толық автономды жүйелер. Толық автономды жүйелер – алдын ала берілген нұсқауларға тәуелсіз шешім қабылдайтын және иесінің бақылауына көнбейтін жүйелер. Қазақстанда мұндай технологияларды жасауға және пайдалануға тыйым салынбақ.