Иран Израиль WhatsApp арқылы тыңшылық етеді деп күдіктенеді

Иранның мемлекеттік телеарнасы өткен сейсенбіде азаматтарға смартфондарынан WhatsApp мессенджерін шұғыл өшіруді ұсынды. Тележүргізушілердің айтуынша, бұл қосымша қолданушылардың дерегін Израильге беріп отыруы мүмкін. Алайда SecurityLab жазуынша, бұл мәлімдеме ешбір техникалық дәлелмен расталмады.

Ал WhatsApp бұл айыптауларды жоққа шығарып, оларды жалған деп атады және мұндай негізсіз мәлімдемелер сервисті бұғаттау үшін сылтау болуы мүмкін деп мәлімдеді. Компания өкілдері қосымшада толық шифрлау (end-to-end encryption) қолданылатынын еске салды, бұл жүйе арқылы хаттарды тіпті WhatsApp-тың өзі де оқи алмайды.

«Біз қолданушылардың нақты орналасқан жерін бақыламаймыз, кіммен жазысқанын сақтамаймыз және хаттарды жинамаймыз. Одан бөлек, ешқандай мемлекеттік мекемелерге жаппай ақпарат бермейміз», – делінген ресми мәлімдемеде.

Дегенмен сарапшылар мессенджерді қолдану кезінде кейбір техникалық мәліметтердің ашық қалуы мүмкін екенін айтады. Корнелл университетінің инженерия кафедрасының доценті әрі киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы Грегори Фалконың түсіндіруінше, әңгіме WhatsApp шифрламайтын метадеректер туралы болып отыр.

Мәселен қолданушы қосымшаны қай уақытта және қаншалықты жиі пайдаланады деген мәліметтер жанама түрде оның тәртібі мен әрекетін саралауға мүмкіндік береді. WhatsApp осы тұсы үшін де жиі сынға ұшырайды.

Фалконың пікірінше, сенімсіздік тудыратын тағы бір жайт — «сандық егемендік» мәселесі. Яғни деректер шифрланған күйде сақталғанымен, серверлер физикалық тұрғыда басқа елде орналасуы мүмкін. Сол себепті ирандықтардың жеке ақпараты елдің юрисдикциясынан тыс жерде өңделіп жатуы әбден ықтимал.

WhatsApp — Meta Platforms компаниясына тиесілі. Бұл корпорацияға Facebook пен Instagram да кіреді. Аталған екі әлеуметтік желі Иранда бұрыннан бұғатталған.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы фактчекинг. Орталық Азиядағы алғашқы фактчекинг ресурсы. 2017 жылдың мамыр айында ашылған. Халықаралық фактчекинг ұйымдар желісінің (IFCN) мүшесі.

Factcheck.kz